АХҚО-да цифрлық активтермен жасалатын операциялар көлемі 30 есеге өсті – Еркеғали Еденбаев

Бүгін, 10:59
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
АХҚО-да цифрлық активтермен жасалатын операциялар көлемі 30 есеге өсті – Еркеғали Еденбаев
Фото: primeminister.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясындағы цифрлық активтерді реттеу саласы тұрақты түрде дамып келеді. Қысқа уақыт ішінде реттелетін нарық көлемі 30 еседен астам өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Лицензиялау және қаржы технологиялары кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгінде АХҚО-да цифрлық активтер саласында қызмет көрсететін 35 провайдер лицензияланған. Олардың қатарында 11 цифрлық активтер биржасы бар, оның ішінде әлемдегі ең ірі криптобиржа Binance және төртінші криптобиржа Bybit бар. Сонымен қатар 16 инвестициялық қызметтер провайдерлері, 8 төлем ұйымы, оның ішінде 3 стейблкоин эмитенті жұмыс істейді.

«Егер 2023 жылы лицензияланған алаңдардағы цифрлық активтер операцияларының көлемі шамамен $320 млн-ды құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш $10,5 млрд-тан асты. 2026 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша операциялар көлемі $5,47 млрд-қа жетті. Осылайша, қысқа уақыт ішінде реттелетін нарық көлемі отыз еседен астам өсті.

Клиенттік база да айтарлықтай кеңейді. Егер 2023 жылы клиенттер саны шамамен 53 мың адамды құраса, бүгінде реттелетін алаңдардағы клиенттер саны 270 мың адамға дейін жетіп, 400%-ға өсті. Бұл серпін клиенттердің сенімінің артқанын және реттелмейтін шетелдік платформалармен салыстырғанда реттелетін ортаның тартымдылығын көрсетеді», - деді Еркеғали Еденбаев.

Дамудың келесі кезеңі Қазақстан Республикасы Президентінің цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі Жарлығын жүзеге асырумен байланысты. Негізгі бағыттардың бірі АХҚО-да шығарылған цифрлық активтерді Қазақстан Республикасының аумағында цифрлық қаржы активтері ретінде тану тетігін әзірлеу болып саналады.

Атап айтқанда, оларды халықаралық саудада қолдану қарастырылуда, бұл төлемдерді жеделдетуге және операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Шаралар Қазақстанда цифрлық активтер нарығын одан әрі дамытуға ықпал етуі тиіс.

Еске сала кетейік, Қазақстанда цифрлық активтер нарығы үшін жіксіз тетіктер құрылады.