«Автобус» рейді: 22 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды
Ел аумағында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шара барысында жол ережесін бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды, оның 6 мыңға жуығы жолаушылар тасымалы саласына тиесілі. Атап айтқанда, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен көлік жүргізудің 2 дерегі, мас күйінде жүргізудің 4 дерегі және көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған 3 жүргізуші анықталды.
Сонымен қатар қалааралық және халықаралық бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын автобустарда орындарды заңсыз жабдықтаудың 63 дерегі тіркелді. 61 автобус арнайы айып тұрағына қойылып, 102 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді.
Сондай-ақ 6 жүргізушіге қатысты көлікті мас күйде басқарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығы – ең жоғары құндылық екенін, осыған орай барлық жүргізушіні, оның ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтарды заң талаптары мен қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.
Еске салсақ, Алматыда автобус жүргізушісінің денсаулығы күрт нашарлап, жол апаты болды.