Ата салтым – асыл қазынам: елордадағы спорт мекемелері арасында байқау өтті
«Наурызнама» онкүндігінің Жаңару күнінде Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелер арасында «Ата салтым – асыл қазынам» атты байқау өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара барысында қазақтың салт-дәстүрлері дәріптелді. Ұлттық киім киген әр мекеме ұжымы ұлттық тағам қойылған дастархан басына жайғасты.
7 команда кезекпен «Бесікке салу», «Тұсау кесер», «Шаш өру», «Сырға салу» дәстүрі, «Құдаларға төс қағыстыру дәстүрі», «Құйрық-бауыр асату», «Бата беру» сияқты қазақтың салт-дәстүрлерінен қойылымдар көрсетті.

Сонымен қатар іс-шара барысында арқан тартыс, қол күрес, қыздар арасында 5 асық ойыны, гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату ойындары сияқты сайыстар ұйымдастырылды.

«Бұл іс-шараның мақсаты – Наурыз мейрамының сан ғасырлар бойы қалыптасқан гуманистік құндылықтарын, адам мен табиғаттың жарасымына негізделген дәстүрлерін өркендету мен жаңғырту, қазақ халқының байырғы, ізгілікті ұлттық салттарын мейлінше насихаттау», – деді қазылар алқасының мүшесі, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Іс-шара аясында әннен шашу шашылып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті.



Байқау қорытындысы келесі аптада шығарылады. Жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұған дейін Астанада Жаңару күні туған сәбилерге ерекше сыйлық берілгенін жаздық.