Астананың инвестициялық тартымдылығы артып келеді - Жеңіс Қасымебк
Елорданың дамуына жеке инвестициялар тек әлеуметтік инфрақұрылым ғана емес, сонымен бірге, өңдеу өнеркәсібі, логистика, көлік және экономиканың басқа да негізгі салаларына тартылып жатыр. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әкімнің сөзінше, 2025 жылы Елорда экономикасына рекордты көлемде инвестиция тартылды – шамамен 2,5 трлн теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,3%-ға артық.

«Бұл көрсеткіштердің артында жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірістік қуаттарды кеңейту, қалалық инфрақұрылымды дамыту және елорданың инвестициялық тартымдылығын арттыру жұмысы жатыр.

Инвестициялық штабтың кезекті отырысында инвесторлардың бірнеше ұсынысын қарадық. Олар – 3 мың оқушыға арналған халықаралық мектеп, серверлік жабдықтар шығаратын зауыт, футбол академиясы және т.б. Арнайы назар 960 орындық деректер өңдеу орталығы және Tier IV сенімділік деңгейіндегі деректер орталығы сияқты жобаларға аударылды. Жоба жалпы қуаты 100 МВт-қа дейінгі маңызды IT жүйелерін орналастыруға арналған инфрақұрылым құруды көздейді, оның бірінші кезеңі 2027 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Осы бастамалардың іске асуы Астананың аймақтық цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға септігін тигізеді», - деді Жеңіс Қасымбек.
Инвестштабта ұсынылған жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 380 млрд теңгеден асады. Оларды іске асыру 2026-2031 жылдарға жоспарланған, соның нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«Аймақтық инвестициялық штаб отырысы тұрақты түрде өткізіледі, инвесторларға жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіледі», - деп қорытындылады әкім.