2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда параны талап ету, сондай-ақ параны ұсыну және уәде ету үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу көзделген. Бұл өзгерістер Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Көлік министрлігінің мемлекеттік қызметшілеріне арналған бірлескен семинарда түсіндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара Әдеп жөніндегі уәкілеттінің жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды. Семинарда «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптары қаралды.

Қатысушылар алдында Бас прокуратураның Құқық қорғау органдары академиясының доценті, әділет кеңесшісі Нұрғали Рахимов сөз сөйледі.
Ол мемлекеттік қызметшілерге заңсыз материалдық сыйақы мен параның айырмашылығын, сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауаптылықты түсіндірді.

Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676-678-баптарында қарастырылған әкімшілік жауаптылық пен Қылмыстық кодекстің 366 және 367-баптарында көзделген қылмыстық жауаптылықтың ара-жігін ажырату мәселесіне назар аударылды.
Мамандардың түсіндіруінше, құқық бұзушылықты саралау кезінде алдын ала уағдаластықтың болуы немесе болмауы, сыйақының қандай әрекет не әрекетсіздік үшін берілгені және басқа да мән-жайлар ескеріледі.

Семинарда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заңнамалық өзгерістер де таныстырылды. Олардың қатарында параны талап ету, ұсыну және уәде ету үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу мәселесі бар.
Бұдан бөлек, қатысушылар «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда ілгерілетудің тиімді тәсілдерін талқылады. Құқықтық сауаттылықты арттыру, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен азаматтардың сенімін нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Сондай-ақ құқықтық ағарту жұмыстарының бір реттік іс-шаралармен шектелмеуі қажеттігі айтылды. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу, ақпаратты азаматтарға түсінікті тілде жеткізу және мемлекеттік орган басшыларының жеке қатысуын арттыру ұсынылды.

Министрліктің мәліметінше, мұндай семинарлар мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білімін жетілдіруге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылордада сот төрағасы мен судья ірі көлемде пара алғаны үшін 9 жылға сотталғаны хабарланды.