Астаналық жұп референдум күні шаңырақ көтеруге бел байлады

Астаналық жұп референдум күні шаңырақ көтеруге бел байлады
Фото: Әлия Алауханова

Астанадағы №60 сайлау учаскесінде дауыс беру сәті ерекше әсерлі жағдаймен есте қалды. Достық үйінде дауыс беру барысында астаналық тұрғын Абылайхан өз сүйгені Маликаға сөз салып, екі жұп дәл осы күні шаңырақ көтеруге бел байлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Абылайхан бұл ерекше сәтті мұқият жоспарлап, ұзақ уақыт күткенін айтты:

«Шынымды айтсам, мен бүгін өте бақыттымын. Біздің мерейтойымыздың күні тек біз үшін ғана емес, бәрінің есінде қалатын маңызды күнмен сәйкес келсін деп ойладым. Сол себепті дәл осы сәтті таңдадым. Мұны ойлап, жоспарлап, бәрін ретке келтіру үшін жарты жылдай уақыт күттім. Барлығын мұқият ойластырдым, әр сәтке мән бердім. Мұның бәрі тек бір ғана мақсатпен, оны қуанта түсу үшін», - деді Абылайхан.

Ал Малика күтпеген тосынсыйға таңырқап, өз қуанышын жеткізді:

«Мен бұлай боларын күтпедім. Тек учаскеге келіп дауыс беремін деп ойладым. Өз таңдауымды жасап шыға бергенім сол-ақ, күтпеген тосынсый жасалды. Мен «иә» деп айттым. Бақыттымын», - деді Малика.

Осылайша, референдум қарсаңында шаңырақ көтергелі жатқан жас жұбайлар елдің маңызды саяси кезеңінде өмірлік таңдау жасап, өз сүйгенімен бірге жаңа өмірге қадам басты. Бұл оқиға сайлау учаскесіне келгендердің көңілін көтеріп, ерекше мерекелік атмосфера қалыптастырды.