Референдум-2026

Астаналық гимнаст Германиядағы әлем чемпионатында үш финалға жолдама алды

Бүгін, 10:59
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық гимнаст Германиядағы әлем чемпионатында үш финалға жолдама алды
Фото: olympic.kz

Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында көркем гимнастикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында іріктеу кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ҰОК сілтеме жасап.

Іріктеу қорытындысы бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет бақ сынаған Қазақстан құрамасының өкілі Ақмарал Ерекешева үш финалға жолдама алды.

Жекелей көпсайыста гимнастардың ең үздік үш нәтижесі есепке алынды. Ерекешева 84,200 ұпай жинап, сегізінші орынмен финалға өтті. Шешуші кезеңге барлығы 18 спортшы іріктелді.

Сонымен қатар астаналық гимнаст жекелей жаттығу түрлерінде де медаль үшін таласады. Ақмарал ұршықтармен орындалатын жаттығуда 29,000 ұпай жинап, төртінші нәтиже көрсетті. Таспамен орындалатын жаттығуда да 28,350 ұпай алып, төртінші орынға ие болды. Әр жаттығу түрі бойынша финалға сегіз спортшыдан өтті.

Қазақстанның тағы бір өкілі Айбота Ертайқызы іріктеу кезеңінен өте алмады. Көпсайыста ол 24-орынға тұрақтады. Жекелей жаттығу түрлерінде Айбота шығыршықпен орындалатын жаттығуда 10-орын, доппен 33-орын, ұршықтармен 15-орын және таспамен 32-орын алды.

Айта кетейік, әлем чемпионатының финалдық кезеңі бүгін басталады.

Бұған дейін теннисші Елена Рыбакина Канададағы «мыңдық» турнирдің финалына шыққанын жаздық.