Астанада таеквондодан екі халықаралық жарыс өтеді
Маусым айының соңында Астана әлемдік таеквондо қауымдастығының назарын өзіне аудармақ. Елордада бір апта ішінде Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) күнтізбесіне енген екі халықаралық жарыс ұйымдастырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
22–23 маусым күндері Алтай таеквондо одағының тұңғыш чемпионаты — Altaic Taekwondo Championships өтсе, 25–27 маусым аралығында дәстүрлі Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирі өтеді.
Қос доданы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы қабылдайды.
Altaic Taekwondo Championships
Алтай таеквондо одағының алғашқы чемпионаты ересектер мен жастар арасында өтеді. Жарыс G-1 санатына енгізілгендіктен, спортшылар әлемдік рейтингке қажетті ұпайларды сарапқа салады.
Алтай таеквондо одағы 2025 жылы Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионаты барысында құрылған болатын. Алтай өңіріне кіретін он елдің ұлттық федерацияларының басшылары ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жарыстар өткізу мақсатында жаңа халықаралық ұйым құру туралы шешім қабылдады.
Қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен ұйымның алғашқы басшысы болып Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев сайланды.
Kazakhstan Open
25–27 маусым аралығында өтетін Kazakhstan Open турнирі ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында ұйымдастырылады.
Биылғы жарысқа әлемнің 27 елінен 1106 спортшы қатысады деп күтілуде. Атап айтқанда, Армения, Аустралия, АҚШ, Әзербайжан, Бахрейн, Беларусь, Канада, Гонконг, Үндістан, Иран, Иордания, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Моңғолия, Оман, Палестина, Қытай, Польша, Катар, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы, Сауд Арабиясы, Тунис, Түркия, БАӘ және Өзбекстан құрамаларының спортшылары бақ сынайды.
Аталмыш додаға Олимпиада чемпиондары мен әлемдік таеквондо жұлдыздары қатысады. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары Пак Тхе Джун (Оңтүстік Корея) мен Фирас Катуси (Тунис), Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Гашим Магомедов (Әзербайжан), Хакан Речбер (Түркия) және Мохамед Халил Джендуби (Тунис), әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары Мерве Динчел Кавурат (Түркия), Вафа Машгуни (Тунис), Нафия Куш (Түркия), әлем біріншілігінің жеңімпаздары Эмине Гегебакан (Түркия) мен Наджмиддин Косимходжаев (Өзбекстан), әлем және Азия чемпионы Реза Калхор (Иран), Еуропа чемпионы Георгий Гурциев (Беларусь), Азия чемпиондары Рияд Нассер Хамди (Сауд Арабиясы) мен Джасурбек Джайсунов (Өзбекстан) бар.
Қазақстан құрамасы да жарысқа ең үздік спортшыларын қосады. Ел намысын Бейбарыс Қаблан, Батырхан Төлеуғали, Айдана Құмартаева, Самирхон Абабакиров, Нодира Ахмедова және Тамирлан Тлеулес қорғайды. Сонымен қатар жуырда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бақ сынамақ.
Kazakhstan Open — World Taekwondo ұйымының ресми жарыстар тізіміне енген беделді турнирлердің бірі. Турнир жеңімпаздарына әлемдік рейтингтің 10 ұпайы беріледі. Күміс жүлдегерлер 6 ұпайға, ал қола жүлдегерлер 3,6 ұпайға ие болады.
Астанаға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының жетекшілері мен халықаралық ұйым өкілдерінің келуі жоспарланған.
Астанада қатарынан екі ірі халықаралық турнирдің өтуі отандық спорт үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл қазақстандық спортшыларға өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, еліміздің әлемдік таеквондодағы беделін одан әрі арттыруға ықпал етеді.