Референдум-2026

Астанада Музыкалық жас көрермен театры VII театр маусымының шымылдығын ашады

Бүгін, 11:30
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада Музыкалық жас көрермен театры VII театр маусымының шымылдығын ашады
Коллаж: Elordainfo.kz

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры кезекті маусымын ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашады, деп хабарлайды Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қойылым режиссері - театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері - Асхат Маемиров.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы бүгінге дейінгі ұлы ақын жайлы қойылған шығармалардан болмысы бөлек, бейнесі ерек жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін бұл қойылым - Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді.

Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді. Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалатын қойылымда ұлттымыздың құндылықтары сахна биігіне көтеріледі. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрі, ұлы дала ұлағаты -ғашық Абайдың жан сүзгісінен өтіп, жас суреткерді «Сүйесің жүрек, күйесің» деген ұғымдарына қарай жетелей береді. Жас Абайдың әлемі – көрерменге «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» екендігін ұқтырады.

Сонымен қатар, жаңа маусымда да театр ұжымы сүйікті көрермендеріне дайындаған тың туындылары да жетерлік. Театр ұжымы өз көрерменімен сағына қауышатындығын қуана хабарлаймыз!

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасында суреттелетін қазақ елінің ұлы ойшылы, ақын  Абай Құнанбайұлының  бозаң қырда өткен балалық шағымен кіршіксіз махаббаты, сезімге толы өлең жырлары  көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық.

Қойылым режиссері - театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері- Асхат Маемиров.

Инсценировка авторы - Мирас Әбіл.

Музыкалық кеңесші - Димаш Құдайберген (Қазақстанның халық әртісі).

Қоюшы суретші - Алма Сырбаева.

Композитор - Бауыржан Ақтаев. («Құрмет» орденінің иегері)

Балетмейстр - Шырын Мұстафина

Хормейстр - Ғалымжан Берекешев

Өтетін орны: Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры»

Күні: 11 тамыз 2026 жыл

Уақыты: 19:00

Мекен-жайы: Астана қаласы. Ж.Омаров көшесі 47Б. «Музыкалық жас көрермен театры»