Астанада мас күйінде электр мотоциклін басқарған жүргізушіге 140 АЕК айыппұл салынды
«Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында елордалық полицейлер қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндірген кезекті құқық бұзушыны анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, түнгі сағат 02:30 шамасында Қорғалжын тас жолында полиция қызметкерлері 35 жастағы азаматты тоқтатты. Тексеру барысында оның электр мотоциклін алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталды.
«Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізушінің мас күйде болғанын растады. Осылайша ол Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы қағидаларының 2.12.2-тармағын өрескел бұзып, өз өмірін ғана емес, жолдағы өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірді», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік материал рәсімделді. Сот шешімімен 140 АЕК айыппұл салынды.
Полицияда мас күйінде көлік басқару – бұл жай ғана құқық бұзушылық емес, адам өміріне төнген нақты қауіп екенін еске салды. Бір ғана жауапсыз шешім қайғылы жол-көлік оқиғасына, ауыр жарақаттарға немесе адам өліміне алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір жүргізуші рөлге отырмас бұрын өзінің ғана емес, айналасындағы адамдардың тағдыры үшін де жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Еске салсақ, Астаналықтарға электросамокатпен жүрудің ережелері түсіндірілді.