Астанада ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы алғашқы жоғары білім диалогы ашылды

Бүгін, 15:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы алғашқы жоғары білім диалогы ашылды
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгін Астана қаласында жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану мәселесіне арналған ЮНЕСКО-ның Орталық Азия елдері үшін алғаш рет ұйымдастырып отырған аймақтық саяси диалогы өз жұмысын бастады. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Орталық Азия елдерінің білім және ғылым министрліктерінің, жоғары оқу орындарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен біліктілікті тану саласының сарапшылары қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

«Аймақтық интеграция үшін біліктілікті тану жөніндегі ЮНЕСКО конвенцияларын пайдалану» атты саяси диалогын ЮНЕСКО мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Іс-шара өңірлік ынтымақтастықты нығайту және Орталық Азияның жоғары білім кеңістігін дамыту мақсатында өткізіліп жатыр. Министрліктің бастамасымен Қазақстан алғаш рет диалогты қабылдаушы мемлекет ретінде таңдалды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде Қазақстанды білім мен ғылымның өңірлік орталығына айналдыру жөнінде стратегиялық шешім қабылданғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама тек географиялық орналасу тұрғысындағы орталық құруды емес, академиялық стандарттар қалыптасатын, таланттар дамытылатын және берілетін біліктіліктер ұлттық шекарадан тыс жерлерде де мойындалатын білім кеңістігін қалыптастыруды көздейді.