«Астана Опера» театрында «Айсұлу» операсы сахналанды

«Астана Опера» театрында «Айсұлу» операсы сахналанды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Астана Опера» театрында Ұлыстың ұлы күніне арналған арнайы мерекелік кеш өтті. Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсы театр кіреберісінде театрланған қойылымнан басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Қонақтарды опера труппасы, хор, миманс әртістері, сондай-ақ Қыдыр ата қарсы алды. Ұлттық аспаптар – жетіген, домбыра, қобыз, дауылпаздың үні естіліп, «Беташар» рәсімі көрсетілді. Раушан Ысқақова бастаған Алматы ауданы Ардагерлер ұйымының әжелері жаңа түскен келіннің бетін ашып, жиналған қауымға шашу шашты.

Іс-шара барысында ретро-инсталляция ұйымдастырылды. Тетар 60-70-ші жылдардағы шулы теміржол перронына айналды. Осындай сахналық қойылым көрерменді бірден баурап, шымылдық түрілмей тұрып махаббат хикаясы басталды.

«Айсұлу» операсы – тұңғыш қазақ комедиялық операсы.  Оқиға 1960-70 жылдардан сыр шертеді. Осыған орай, театр сол заманның бейнесін көрерменге ұсынып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.