Астана әуежайынан Қазан қаласына тікелей әуе рейсі ашылады

Астана әуежайынан Қазан қаласына тікелей әуе рейсі ашылады
Фото: Астана халықаралық әуежайы

27 қазаннан бастап Nordwind әуекомпаниясы Астана – Қазан – Астана бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындауға кіріседі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана халықаралық әуежайына сілтеме жасап.

Рейстер аптасына ек ірет, сейсенбі және жұма күндері Boeing 737 ұшағымен жүзеге асырылады. Жаңа әуе қатынасының ашылуы Қазақстан астанасы мен Ресейдің ірі мәдени, білім беру және іскерлік орталықтарының бірі саналатын Қазан қаласы арасындағы сапар мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жолаушылар Қазаннан Астанаға және Астанадан Қазанға тікелей рейстермен ұша алады. Жаңа бағыт туристерге, іскерлік сапармен шығатын жолаушыларға, студенттерге және туыстарына баруды жоспарлаған азаматтарға қолайлы мүмкіндік ұсынады.

Қазан қаласы өзінің бай тарихи мұрасымен, ерекше мәдениетімен және заманауи қалалық инфрақұрылымымен саяхатшыларды қызықтырады. Ал Астана ресейлік туристер мен іскерлік орта өкілдері үшін тартымды бағыт болумен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріне саяхаттауға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Айта кетейік, маршруттық желіні дамыту Астана халықаралық әуежайы қызметінің басым бағыттарының бірі. Әуежай отандық және шетелдік әуекомпанияларымен ынтымақтастықты жалғастырып, ұшу бағыттарының географиясын кеңейту және елорданың көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.