Референдум-2026

Әскери-инженерлік институт курсанттары Shaiqas-2026 чемпионатының финалына қатысады

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Әскери-инженерлік институт курсанттары Shaiqas-2026 чемпионатының финалына қатысады
Фото: Қорғаныс министрлігі

14-15 тамыз күндері Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында алғашқы ұлттық инженерлік чемпионат – Shaiqas-2026 байқауының финалы өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Қарулы күштер атынан чемпионатқа қатысатын командалардың бірі – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары. Болашақ офицерлер «Әуе» және «Жер» бағыттары бойынша бақ сынайды.

Байқау тапсырмаларын орындау барысында курсанттар өздері әзірлеген техникалық құрылғыларды – ұшқышсыз авиациялық жүйе мен жерүсті роботтандырылған платформасын қолданады.

«Әуе» бағыты бойынша команда әуеден барлау жүргізіп, FPV Battle сайысына қатысып, ұшқышсыз жүйені жедел құрастыру дағдыларын көрсетеді.

Ал «Жер» кезеңінде курсанттар жерүсті роботтандырылған платформасымен жұмыс істейді. Роботтандырылған техниканың көмегімен олар манекендерді эвакуациялап, миналардың макеттерін орнату тапсырмаларын жасайды.

Команданың дайындығына Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты арнайы пәндер кафедрасының аға оқытушысы, подполковник Асқар Аишев жетекшілік етеді.

– Біз үшін Shaiqas чемпионатына қатысу – ең алдымен курсанттардың білімдері мен дағдыларын тәжірибе жүзінде сынау мүмкіндігі. Сонымен қатар олардың чемпионатта қолданылатын техниканы әзірлеуге өздері қатысқаны маңызды. Олар техниканың құрылымы мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Қазір басты міндет – команданың үйлесімді жұмысын көрсетіп, чемпионатта лайықты нәтижеге ие болу, – деді подполковник А. Аишев.

Қазіргі уақытта команда дайындықтың қорытынды кезеңінде. Курсанттар техникалық сынақтар мен жаттығулардан өтіп, байқау тапсырмаларын пысықтап, өздері әзірлеген жүйелердің мүмкіндіктерін тексерді.

Алда – финалдық сынақтар. Онда курсанттар инженерлік білімдері мен техникалық дағдыларын іс жүзінде қолданып, командалық жұмысын көрсететін болады.