Ақмола облысында заңсыз вейп сатумен айналысқан ұйымдасқан топ әшкереленді

Бүгін, 09:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақмола облысында заңсыз вейп сатумен айналысқан ұйымдасқан топ әшкереленді
Фото: ҚМА

ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды заңсыз өткізумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап. 

Өнімдерді өткізу әлеуметтік желілердегі интернет-дүкендер арқылы жүзеге асырылып, жеткізу курьерлік қызметпен ұйымдастырылған.

Қатысушылар заңсыз қызметін жасыру мақсатында конспирация шараларын қолданып, ақша қаражатын қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дропперлердің қызметін пайдаланған.

Қылмыстық табыс көлемі 221 млн теңгеден асты.

Сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі пәтер мен автокөлікке тыйым салынды.

Ұйымдастырушы қамауға алынды.

Тергеп-тексеру жалғасуда.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Айта кету керек, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі вейптерді заңсыз өткізу фактілері бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Заңсыз айналымнан 717 мың дана өнім тәркіленді.

ҚМА ескертеді: вейптерді пайдалану, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында никотинге тәуелділіктің қалыптасуына әкеледі. Никотин жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесіне кері әсер етіп, созылмалы аурулардың даму қаупін арттырады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы мен Павлодар облысы аумағында қылмыстық топтан 711 млн теңгенің вейптері тәркіленгені туралы жаздық.