Алатауда инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы жер қоры болады

Алатауда инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралы жер қоры болады
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бірінші оқылымда мақұлданған конституциялық заң жобасы аясында қаладағы жер қатынастары арнайы режиммен реттеледі. Сонымен қатар, Алатау жер қоры құрылып, жерді айналымға тарту салықтық ынталандыру арқылы қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жер қоры стратегиялық және инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі құралына айналады. Бұл қаланың аумағын дамытуға және инвесторлар үшін институционалдық кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

«Инвестициялық жобалар үшін жер учаскелері Алатау резиденттеріне лицензия немесе келісімшарт негізінде беріледі. Осылайша, жерге қол жеткізу нақты жобаларды іске асыруға және инвестициялық міндеттемелерді орындауға тікелей байланысты болады. Яғни, заң жобасында жер даму мен экономикалық өсудің ресурсы ретінде қарастырылады», делінген хабарламада.

Алатау қаласының дамуы 30 жылдық тұжырымдамалық жоспар және барлық жобаға қолданылатын 15 жылдық қала құрылысы жоспары негізінде жүзеге асырылады. Инвесторлар үшін жағдайдың болжамдылығын қамтамасыз ету мақсатында тұжырымдамалық жоспар 10 жылда бір реттен жиі емес, ал қала құрылысы жоспары 5 жылда бір реттен жиі емес түзетілуі мүмкін.

Бірлескен отырыста «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамы бекітілді. 

Оның құрамына Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Берік Бейсенғалиев, Абзал Құспан, сондай-ақ Сенат депутаттары Серік Шайдаров, Евгений Больгерт, Бекболат Орынбеков кірді. Комиссия төрағасы болып Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов сайланды.