Референдум-2026

Абай күніне арналған іс-шараларға мыңнан астам әскери қызметші қатысты

Абай күніне арналған іс-шараларға мыңнан астам әскери қызметші қатысты
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Бүгін Қазақстан халқы ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлықтауда. Ұлы ақынның білім мен еңбек, ар мен әділет, ел мен жер туралы тағылымды ойлары әскери-патриоттық тәрбие жүйесінде де кеңінен көрініс тауып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл күндері Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектері, өңірлік қолбасшылықтар, әскери бөлімдер мен мекемелерден мыңнан аса әскери қызметші ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына арналған мәдени-ағартушылық және тәрбиелік іс-шараларға қатысты.
Қарулы күштерде республикалық челлендж ұйымдастырылып, әскери қызметшілер Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздерінен» үзінділер оқып, бейнероликтер түсірді.
Әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарында әдеби оқулар, мәнерлеп оқу байқаулары, тақырыптық кездесулер мен пікірталастар, сұрақ-жауаптар және кітап көрмелері өтті. Жас жауынгерлер рухани-адамгершілік пен әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды бөлігіне айналған Абайдың бай мұрасына ерекше назар аударды.
Абай мұрасын құрметтеп, кеңінен насихаттау – қоғамның рухани бірлігін нығайтып, ар-намысты биік қоятын, білімге ұмтылатын, жауапкершілікті сезінетін және Отанға адал қызмет ететін жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал етеді.