2025 жылы елімізде 115,9 мың неке қиылып, 45,7 мың жұп ажырасқан
2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркеліп, 45,7 мың жұптың шаңырағы шайқалған. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Статистикаға сәйкес, некелесу деңгейі бойынша Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары алда тұр. Ал ең төмен көрсеткіш Қызылорда облысында тіркелген.
Некелердің басым бөлігі қалалық жерлерде қиылған – 78,9 мың (68,1%). Ауылдық аймақтарда 37 мың неке (31,9%) тіркелген.
Алғаш рет отбасын құрғандардың орташа жасы ерлер арасында 27,9 жасты, әйелдерде 25,3 жасты құрады. Бірінші рет некеге тұрғандардың үлесі ерлерде 77%, әйелдерде 78% болды. Ал ажырасқаннан кейін қайта отбасын құрғандар ерлер арасында 22%, әйелдерде 21% шамасында.
Жыл ішінде некелердің ең көп тіркелген кезеңі жаз айларына тиесілі: маусым – 11 848; шілде – 12 955; тамыз – 12 418.
Сонымен қатар некелердің 80,4 пайызы бір ұлт өкілдері арасында болса, 19,6 пайызы ұлтаралық некелер болған.
Ажырасудың 74,4 пайызы (34 мың) қалалық жерде, ал 25,6 пайызы (11,7 мың) ауылдық аймақтарда тіркелген.
Жалпы ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24-ті құрады. Бұл көрсеткіш Павлодар облысында (3,43), Қарағанды (3,41) және Солтүстік Қазақстан (3,28) облыстарында жоғары. Ал ең төмен деңгей Түркістан облысында – 1,03.
Некеде тұрған уақытқа қарай ажырасулардың ең үлкен үлесі (35%) 1-4 жыл бірге тұрған жұптарға тиесілі. 5-9 жыл отасқандар арасында бұл көрсеткіш 24% болса, некенің алғашқы жылында ажырасқандардың үлесі 8% құрады.
Бұған дейін алименттен жалтарғандарға жауапкершіліктің күшейгенін жаздық.