«Тәуелділікті спортқа айырбаста»: елордалық тұрғындар темекіні спорттық тауарға ауыстырды
Акция аясында елордалық спортшылар қала тұрғындарына электронды темекіні спорттық құрал-жабдықтарға айырбастауды ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл іс-шараны елорданың "Есіл" ауданы әкімдігі мен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстандағы тұрғындардың 20,7%-ы темекі шегеді. Өкінішке қарай, елімізде темекі бағасы әр жарты жыл сайын қымбаттаса да, оны тұтынатындардың қарасы азаймай тұр.
«Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен акция өткіздік. Оның аясында біз темекі және вейп шегетін жастарға қолдарындағы зиянды заттарды бокс қолғабына, теннис жиынтықтарына, басқа да жабдықтарға айырбастауды ұсындық. Осы арқылы жастарды, қала тұрғындарын бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулықтарын күтуге үгіттейміз. Бұл іс-әрекетіміз өз жемісін береді деп сенемін», - деді аралас жекпе-жектен (ММА) және грэпплингтен спорт шебері Нұрлан Карабалин.
Айта кетейік, мұндай акция Астана қаласында тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Іс-шара барысында жиналған электронды құрылғылар мамандандырылған зауытта жойылатын болады.