Сығанақ көшесі мен Қабанбай батыр даңғылында 7500 ағаш отырғызылады


Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Елордамызды «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясында дамытуды жалғастырып келеміз. Биыл қалада 170 аула мен қоғамдық кеңістікті (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырамыз. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде ашылды. Абаттандыру барысында қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлеміз. Биыл да бір миллионнан астам жасыл желек (ірі ағаштар, көшеттер, бұталар және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Мысалы, ағаштар Момышұлы, Жұмабаев даңғылдарының, Айнакөл, Тәшенов көшелерінің бойына отырғызылды. Тілендиев даңғылында Көктал көшесінен бастап Астрахан тасжолындағы көпірге дейінгі аралықта, Бейбарыс Сұлтан, Нұрмағамбетов көшелерінде және Ұлы дала даңғылында жолақтардың бөлгіш тұсын көгалдандыру жүріп жатыр”, - деді әкім.
Қаланың Байқоңыр ауданында жаңа гүлзар ашылады.
«Мысалы, Байқоңыр ауданында бос жатқан аумақтың орнына жаңа гүлзар ашылады. Ол Жұбанов көшесінде – Тархан және Пушкин көшелерінің арасындағы аумақты қамтиды. Абаттандыру аясында ауқымды көгалдандыру жүргізіледі: көпжылдық бұталар мен ірі ағаштар отырғызылады. Сонымен қатар, бірыңғай стильде орындықтар, үстелдер, қоқыс жәшіктері секілді көше жиһаздарын орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, автотұрақ алаңын салу да көзделіп отыр. Сол сияқты биыл елорданың маңызды тарихи даңғылдарының бірі – Абай даңғылы жаңартылады. Абай даңғылының Республика даңғылынан бастап Уәлиханов көшесіне дейінгі аралығы толықтай екі жағынан абаттандырылады. Абаттандырылатын аумақтың жалпы көлемі 1,1 гектарды құрайды», - деді шаһар басшысы.
Жеңіс Қасымбек елорданың негізгі көлік магистралдарының бірі саналатын Сығанақ көшесі тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді кеңістікке айналатынын айтты.
«Бұған қоса, LRT бағыты бойында орналасқан көшелерде абаттандыру, құрылыс және көгалдандыру жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Сығанақ көшесі мен Қабанбай батыр даңғылында 7500 ірі ағаш отырғызылып, эстакада астында жайлы қоғамдық кеңістіктер ашылады. Жұмыс «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасына сәйкес, жаяу жүргіншілердің қолайлылығына және сапалы көгалдандыруға баса назар аудара отырып жүргізіледі. Осылайша, елорданың негізгі көлік магистралдарының бірі саналатын Сығанақ көшесі жай ғана транзиттік жол емес, тұрғындар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді кеңістікке айналады. Қабанбай батыр даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аралықта абаттандырылған аймақ ашылады», - деді әкім.
Сондай-ақ қаланың көгалдандырылған аймақтарын абаттандыру жұмысы жалғасады.
«Нақтырақ айтқанда, «Хан Шатыр» СОО-ның артында Greenline жаяу жүргіншілер желекжолының жалғасын салу жоспарланып отыр. Оның алғашқы бөлігі Күлтегін көшесінен бастап Әнет баба көшесіне дейінгі аралығында орналасып, демалыс пен серуендеуге қолайлы жасыл кеңістік қалыптастырады. Сонымен қатар, Ботаникалық бақ, Нұржол желекжолы, Орталық саябақтағы аллея, Көктал саябағы және басқа да орындарда қосымша көгалдандыру жұмысы жүргізіледі. Былтыр Жүргенов көшесін (Қошқарбаев даңғылынан Байтұрсынов көшесіне дейінгі аралығы) абаттандыру жұмысы басталған. Сол кезде 2400 ағаш, 4700 бұта, сондай-ақ жасыл қоршаулар және басқа да өсімдіктер отырғызылған. Биыл бұл көшені абаттандыру жұмысы әрі қарай жалғасады», - деді қала басшысы.
Есіл өзені бойындағы саябақ кластерін көгалдандыру және абаттандыру жұмысы жалғасады.
«Бұл кластерге Бейбітшілік және келісім саябағы, триатлон саябағы, спорттық жағалау және басқа да нысандар кіреді. Абаттандыру және көгалдандыру жұмысы қаладағы барлық ауданды қамтиды. Біз үшін елорданың әрбір ауданы жайлы, көрікті және күтімді болуы маңызды», - деді Жеңіс Қасымбек.



