Әрбір нәрестеге – бір ағаш: Астанада ерекше экоакция өтті

5 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Әрбір нәрестеге – бір ағаш: Астанада ерекше экоакция өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананың Бейбітшілік және келісім саябағында ерекше акция ұйымдастырылды. Әрбір жаңа босанған анаға арнап «өмір ағашы» отырғызылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаланың урбанистика орталығының мәліметінше, әрбір көшет цифрлық жүйенің бір бөлігі болып саналады. Бұл жүйе оның жағдайын бақылауға, күтімін жоспарлауға, проблемаларға уақытында әрекет етуге және мердігерлердің жұмысын қадағалауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл ағаштардың қурап қалуының алдын алып, олардың жағдайына ерекше назар аударады.
Әр ағашқа жеке QR-код берілді. Оны сканерлеген кез келген адам ағаштың тарихын біле алады.

«Бүгін Халықаралық экологтар күні аясында біз жуырда отырғызылған ағаштарды цифрландыру іс-шарасын өткіздік. Бұл – қаланың жасыл желектеріне жүйелі назар аударуға бағытталған маңызды қадам. Биыл елордада ауқымды науқан жоспарланған – бір миллионнан астам жаңа көшет отырғызу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жұмыс кестеге сай жүріп жатыр: тек көктемде шамамен 200 мың ағаш отырғызылды»,-  деді Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов.

 «Таза Қазақстан» акциясы аясында жөке ағаштарына арнайы QR-кодтары бар тақтайшалар орнатылып жатыр.

«Бұл әрбір ағашты цифрландыруға мүмкіндік береді: тақтайшада оның кімге арналғаны, атауы және басқа қажетті ақпарат көрсетіледі. Бұдан әрі топырақтың ылғалдылығын автоматты түрде анықтайтын датчиктер орнату жоспарланып отыр. Осы акция аясында ағаштар бүгін дүниеге келген балаларға символдық түрде «сыйға» беріліп, олардың есімдері берілді. Іс-шара Экологтар күніне орай өткізіліп, қаланың урбанистика бөлімі мен Сарайшық ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты», - деді Сарайшық ауданының Өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Нұрғазы Үсен.