Елордада “Ұйқыдағы ару” балетінің премьерасы өтеді


20-21 маусымда “Опералия” халықаралық музыкалық фестивалі аясында “Астана Опера” сахнасында П.И.Чайковскийдің “Ұйқыдағы ару” балетінің қойылымы көрермендерге ұсынылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ауқымды жобаға Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетіп отыр.
Басты партияларда театрдың танымал солистері өнер көрсетеді.
Аврора ханшайым мен Дезире ханзаданың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева мен Бақтияр Адамжан орындайды.
“Мен үшін бір жаңа белес. Таза классикалық күрделі балетті билеу көп дайындықты талап етеді. Ханзада Дезиренің жүріс-тұрысы, көзқарасы, техникалық дүниелердің барлығын жақсы жасауға тырысып тұрмын. Сол жағынан жұмыс көп болды. Сахнада мінсіз болу үшін екі жарым келідей салмақ тастадым, диета ұстадым. Балет әртістері үшін осыншама салмақ тастау өте қиын. Бұл - ертегі. Ертегінің әдемілігін көрерменге тұла бойымнан көрсетуге тырысу керек”, - деді Б.Адамжан
Сондай-ақ ол өзінің кейіпкері жайлы айтты.
“Дезире ханзада болса да, қолынан қанжар түспейді. Өзінің айтқанын дәлелдей алатын ер азамат. Менің Дезирем - қазақ. Қазақтың ханзадаларының қасиеттерін ууропалық ертегі, яғни классикалық балетке алып шығуға тырысамын”, - деді өнер иесі.
Петр Чайковский "Ұйқыдағы аруды” жазу барысында хореограф Мариус Петипамен жұмыс істеді.
Алдағы күндері премьерасы өтетін балет бойынша “Астана Опера” балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова бастаған кәсіби мамандар тобы жұмыс істеді.
“Ұйқыдағы ару” - мамыргүл перісі мен мейірімсіз Карабос перісінің бейнелерінде ұсынылған жақсылық пен зұлымдық туралы балет. П.Чайковский балеттің музыкалық драматургиясын осы тақырыптардың қарама-қайшылығында құрған. Ол алғаш рет 1890 жылы Мариинский театрында жарыққа шықты. Содан бері әлемнің жетекші театрларының афишларынан түспей келеді және балет труппаларының шеберлігінің көрсеткіші саналады. Бұл “Астана Опера” театрында махаббаттың құдіреті жайлы ойтолғам ретінде ұсынылады”, - деді Алтынай Асылмұратова.
Шығармашылық ұжым мұнда Э.Фриджерио мен Ф.Скуарчапино көрсетіп кеткен бірегей шығармашылық қолтаңбаны, көркемдік мәнерді сақтауға тырысқан. Қойылым үшін 400-ге жуық костюм тігілген.