Елордада тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға арналған акция өтті


Акцияны «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры Астана қаласының Дін істері басқармасының қолдауымен Балаларды қорғау күні мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Іс-шараның басты мақсаты – елорда тұрғындарының деструктивті діни ағымдардың қаупі мен салдары туралы хабардарлығын арттыру, діни сауаттылықты көтеру, діни қызмет саласындағы заңнамамен таныстыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау.
«Іс-шара аясында Отан, білім, ұлттық тәрбие туралы мақал-мәтелдерді білуге арналған викторина, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қатысты сұрақтар қойылған байқау ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, акцияға белсенді қатысқан волонтерлер де алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды», – деп мәлімдеді Дін істері басқармасы.

Қатысушыларға отбасылық құндылықтарды сақтау мен дамыту тақырыбында ақпарат берілді. Оларға ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, тарих және діни сауаттылық жайлы ақпараттық материалдар таратылды.



