Елордада Құрманғазы оркестрінің мерейтойлық концерті өтті


Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Кеш ұжымның 90 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды. Аталмыш концерт Құрманғазы оркестрінің Ақмола облысынан басталып, елордада жалғасын тапқан гастрольдік сапарының бір бөлігі болды. Екі бөлімнен тұратын концерттің алғашқы бөлімі дәстүрлі күйші-композиторларға арналды. Атап айтсақ, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров және тағы да басқа композиторлардың шығармалары орындалды. Бұл бөлімде ұлттық музыка мәдениетінің тереңдігі мен байлығы, тарихи маңызы көрсетілді. Заманауи бағыттағы шығармалар мен әлемдік классиканы қамтыған екінші бөлімде Yanni, Sting, Toni Braxton, Ray Charles, Whitney Houston сынды өнер жұлдыздарының шығармалары ұсынылды.
Қазақ оркестріне лайықталған бұл туындылар ұлттық дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімді үндестігін көрсетті. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары және Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатының виолончелистер ансамблі өнер көрсетті.
Бұл кеш – тыңдарман қауымға ұлттық рухты сезінуге, күй өнерінің тереңдігін ұғынуға және музыканың ғажайып әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік берді. Келесі гастрольдік сапар Шымкент қаласында жалғасады. Ұжым Республикалық «Оркестрлер шеруі» фестиваліне қатысып, шымкенттік көрерменге «Оркестр түні» атты авторлық жобасын ұсынбақ.



