Елордада Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті


Бүгін Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күн тәртібінде елордадағы көшеге атау беру, Астана қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті мен Қоғамдық кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Астана қаласының атаусыз көшесіне атау беру мәселесіне тоқталды.
«Былтыр сәуірде Мемлекет басшысы Армения Республикасына ресми сапармен барды. Сол сапардың аясында Арменияның астанасы Ереван қаласындағы көше немесе саябаққа қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының атын беру туралы және Қазақстанның астанасында армян әліпбиінің негізін салушы Месроп Маштоцтың атын беру туралы уағдалыстық болды. Биыл Армениядағы Қазақстанның мәдени күндері аясында Ереванда Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ ашылды. Осыған байланысты біз де ономастика комиссиясының отырысын өткізіп, Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионы мен «Сарыарқа» велотрегінің арасында орналасқан көшеге армян әліпбиінің негізін салушы Месроп Маштоцтың атын беру туралы шешім қабылдадық. Осы ұсынысты қолдауларыңызды сұраймыз. Бұл екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайтады», - деді ол.

Айта кетейік, Месроп Маштоц (туған жылы – шамамен 361/362 жылы, қайтыс болған жылы: 440 жыл 17 ақпан) – армян тіл маманы, армян әліпбиінің, әдебиеті мен жазуының, ұлттық мектеп пен педагогикалық ойдың негізін салушы, ағартушы, миссионер, Библия аудармашысы, теолог. Месроп Маштоц қызметінің арқасында армян халқы қайтадан ұлттық жазба тілге ие болды, армян тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды (404 ж.).
Қоғамдық кеңес мүшелері елордадағы көшеге Месроп Маштоцтың атын беру туралы ұсынысты қолдады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева баяндама жасады. Ол «Астана қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» Астана қаласы мәслихатының 2024 жылғы 11 желтоқсанындағы №243/32-VIII шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы айтты.
Басқарма басшысы Астана қаласының 2025 жылға арналған бюджетін нақтылау бойынша қосымша шығыстардың негізгі бағыттары мен басымдықтарын атап өтті. Оған қаладағы 9 мектепке қосымша жапсарма ғимарат салу, «Ильинка» тұрғын алабында, Қабанбай батыр және Бұқар жырау даңғылында және Есіл ауданында мектептер салу, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының айналасындағы паркингті қайта жаңарту және абаттандыру, көпфункционалды кешен салу және 13 жайлы мектепке инженерлік желілер салу мәселелері кірді.

Қоғамдық кеңес мүшелері Астана қаласының 2025 жылға арналған бюджетін нақтылау бойынша ұсынысты қолдады.
Сонымен қатар бүгінгі отырыста Қоғамдық кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.