Болашақта өз шеберханамды ашқым келеді – JOLTAP жобасы қатысушысы

Болашақта өз шеберханамды ашқым келеді – JOLTAP жобасы қатысушысы
Фото: freepik.com

Етікшілік – ескірмейтін кәсіп. Қай кезде болмасын, ерінбеген адам бұл кәсіп арқылы нәпақасын таба алады. Ал JOLTAP жобасы елордалықтар үшін осы мамандықты тез әрі тегін меңгеру үшін мүмкіндік ашып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталған «Аяқ киім жөндеу және кілт жасау» курсының қатысушысы Дүйсен Досанов бұған дейін қарапайым етікші болып жұмыс істеген. Бүгінде ол біліктілігін одан әрі арттырып, аяқкиімді бояуды, кілт жасауды үйреніп жатыр, себебі болашақта жеке шеберханасын ашатын жоспары бар.

«Құрылыста жүргенде аяғымды жарақаттап алып, 1,5 жыл үйде болдым. Сол кезде қарап отырмайын деп осы іспен шұғылдандым. Білмегенімді етікшілікпен айналысатын жолдас жігіт пен нағашымнан, одан қалса YouTube арнасынан көріп үйрендім. Одан соң денсаулығым жақсарып, қайтадан жұмысқа орналастым. Дегенмен «болашақта шеберхана ашсам» деген ойым бар. Сол үшін білгенімді үстей түсуге ден қойдым. Курстан аяқкиімді бояу, кілт жасау сияқты жаңа нәрселерді үйреніп, сертификат алуды мақсат тұтып отырмын», - дейді Дүйсен Досанов. 

Оның айтуынша, етікшілік – бір отбасын асырайтын кәсіп. Тек шеберхананы халықтың көп орналасқан орнынан ашқан жөн санайды. 

«Өзім көпбалалы әкемін. Үйде машинкам, қайрағым бар. Ешкімге жалынбай, балаларымның, туыстарымның аяқкиімдерінің жабыстырғыштарын, сырмаларын ауыстырамын. Қыста табандарына тайғанамайтын материал жапсырып беремін. Негізінен, қазіргі аяқкиімдердің сапасы нашар ғой. Аяқкиімін жөндетуге қымбат аяқкиім алғандар да жиі келеді. Мәселен, аяқкиім бояуды үйреніп алған соң, былғарыға түскен сызатты жабысқақ материалмен білдіртпей, су жаңа етіп шығарамыз. Құрылыста істейтіндер етігін тіктіруге әкеліп жатады. Бір сөзбен, ерінбей еңбек еткен етікші табыссыз қалмайды деп ойлаймын. Бір үйді асырайтындай нәпақа табады. Кәсіптің орайын тапса, одан да көп табыстарға қол жеткізуге болады», - дейді ол.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, өз шеберханаңа апарар төте жол JOLTAP-тан басталады. Өйткені оқу мерзімі қолайлы - 12 күн, ал оқытушылар – өз ісінің шеберлері.   

Табыс арттырып, отбасының бюджетін толықтырғысы келетін елордалықтар JOLTAP жобасы арқылы түрлі кәсіпті тегін үйрене алады. Бұл үшін қаладағы көрнекі жерлерде орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттеріне келіп, кеңес алып, қажетті мамандықтар бойынша курстарға жазылуыңыз қажет. 

Еске сала кетейік, JOLTAP жобасы аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін түрде қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланатын болады.