Биыл 11 балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз – елорда әкімі


Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елора әкімінің жазуынша, қалада әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударылады.
«Олар – мектеп, балабақша, оқушылар сарайы, медициналық мекеме және т.б. Мәселен, елордада 2017 жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысы тоқтап қалды. Ал оны біз қайта жандандырдық. Көптеген жүйелі жұмыс жүргіздік: алғашқы жер телімдерін белгіледік, инженерлік желілерді, басқа да қажетті инфрақұрылымдарды дайындадық.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновпен бірге құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды араладық. Биыл 11 балабақшаны пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Олар – жергілікті бюджет есебінен 1500 орындық 5 балабақша, жеке инвестиция есебінен 1094 орындық 4 балабақша, тұрғын үйлердің бірінші қабатында 185 орынға есептелген балабақша, сондай-ақ 120 орындық жаңғыртылған ғимарат. Аталған балабақшаларда 2899 орын ашылады»,- деп жазды ол.

Сонымен қатар елордада жаңа оқу жылында тағы 15 мектеп ашылады.
«Өткен оқу жылында 24 оқу орнын салып, қолданысқа бердік. Оның 16-сы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Әлеуметтік нысандарды салуға да жеке қаражат тартамыз. Осылайша, елордамыз әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға баса назар аудара отырылып, дамып жатыр. Мысалға алар болсақ, осыған дейін қалада бірқатар газ жылыту станциясы, ауыз су станциясы (ССС 3) салынды. Сол сияқты «Арай» электрлі қосалқы станциясы, «Телман» ГЖС, кәріз желілері, т.б. салынып жатыр. Аталған тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қаланы жылумен, сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етеді»,- деп жазды Жеңіс Қасымбек.
