«Бастысы – жақсы азамат болуы»: 33 миллион қаралым жинаған астаналық Санжардың ата-анасымен сұхбат

10 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Бастысы – жақсы азамат болуы»: 33 миллион қаралым жинаған астаналық Санжардың ата-анасымен сұхбат
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Instagram, TikTok желісінде «Чуть-чуть боюсь» деп бал тілімен көпшіліктің жүрегін жаулап алған Санжар Музапаров бүгінде үш жаста. Жасы кішкентай болса да, әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинаған балғынмен және оның ата-анасымен Elorda.info тілшісі жүздесіп, Санжардың тәтті қылықтары туралы әңгімелесті.

Санжардың желідегі танымал видеосы – оның каратэ жаттықтырушысы түсіріп, Instagram-ға жүктеген. Желі қолданушылары кішкентай баланың қылығына тәнті болып, сол бір сәт интернеттің хитіне айналды. Бұл – Музапаровтар отбасы үшін күтпеген жайт болды. Баласының видеосы бүкіл Қазақстандықтарды жылытқанын алғашында олар түсіне де қоймапты.

“Кішкентайынан қылықты, өте зерек бала. Инстаграм парақшасын тек өзімізге естелік ретінде ғана жүргізіп жүретінбіз. Сол видео тарап кеткен соң тіркелушілер саны күрт артты», - дейді анасы Ақбота Жанатқызы.

Санжар бүгінде каратэмен тұрақты түрде айналысады. Балабақшаға барған күннен бастап бұл спортқа қызығушылық танытыпты. Әкесі Алтынбек Серікұлы баласының тек спортта емес, жан-жақты дамуына баса мән беретінін айтады.

“Уақытты босқа өткізбеуге тырысамыз. Әлеуметтік желіде танымал болып кеткеннен кейін өміріміз түбегейлі өзгерді деп айта алмаймыз, бірақ адамдар Санжарды танып, суретке түсіп жатады, баламыз сол кезде «мен танымалмын» деп өзі де күліп айтады», – дейді ол жымиып.

Әке ретінде Алтынбек мырза баласының қандай жол таңдаса да қолдайтынын айтты.

«Әрине, жігіт болған соң спортшы, чемпион болғанын қалаймыз. Бірақ өзі өнерге барғысы келсе, қарсы болмаймыз. Бастысы – өзі қалаған жолында дұрыс жүріп өтуі», – дейді.

Қазірдің өзінде Санжарды түрлі жарнамаға, түсірілімдерге шақырады екен. Алайда ата-анасы бұл мәселеде баланың қалауына басымдық беретіндерін айтты.

“Көпшілік Санжарды жасы үлкен деп ойлайды. Бірақ ол небәрі үш жаста ғой, әрі ерке. Жарнама, түсірілімдер қызықтырса ғана қатысады. Қаламаса, мәжбүрлемейміз. Бастысы – баланың шынайы қалауы», – дейді анасы.

Ол үйде еркін тәрбие мен сапалы уақыт өткізуді басты назарда ұстайтындарын да айтты. Анасының айтуынша, балаға таңдау құқығын беру – оның тұлға ретінде қалыптасуындағы маңызды қадам.

“Біз тіпті киім алғанда да таңдауды өзіне қалдырамыз. Еркін ойлайтын, өз пікірін айта алатын азамат болып өсуі үшін ата-ана ретінде соған жағдай жасауымыз керек. Кішкентайынан Санжармен ересек адамша сөйлесемін. Бәлкім, содан да тілі ерте шығып, жақсы сөйлейтін шығар.

Есте сақтау қабілеті де мықты – тез жаттап алады», – дейді анасы Ақбота.

Санжар елдердің туларын да таниды. Бұл – әкесінің бастамасымен басталған үйрету. Бірнеше рет көрсеткен соң, Санжар өзі жаттап алған. Тіпті кейбір ересектер біле бермейтін елдердің туын да ажырата алады.

Сұхбат барысында біз Санжардың өзімен де кездестік. Ата-анасын қатты жақсы көретінін, каратэмен шұғылданғанды ұнататынын айтты. Әрине, елдердің туларын да сұрадық. 3 тілде санап та берді.

«Ата-ана ретінде біз күн сайын кітап оқуға, ақыл-ойды дамытуға арналған түрлі ойын ойнауға көңіл бөлеміз. Қазірден бастап сапалы уақыт өткізуіне жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз», – дейді әкесі.

Ал ең алғаш түскен жарнамалық ролик – TikTok-та хит болған лента жарнамасы. Санжар түсірілім алдында өзі келісімін беріп барған. Бірақ түсірілімде кішкентай қызды көріп, ұялып қалған. Соған қарамастан, нәтиже сәтті шыққан. Кейін де ұсыныстар түссе де, ата-анасы «егер қаламаса, біз ешқашан қинамаймыз» деген ұстанымды ұстанған.

Сұхбат соңында Санжарға деген ата-анасының тілегі жүректі жылытты.

«Ұлыма 10 жылдан кейін осы сұхбатты оқығанда айтарым: мен әрқашан сенің жаныңда боламын, әр жетістігіңе қуанамын. Әрқашан менен де мықты, менен де биік бол. Ұлым, сенімен мақтанамын! Ең бастысы – жақсы адам бол!» – дейді әкесі Алтынбек.

Анасы Ақботаның айтуынша, ең бастысы - бюаласының тәрбиелі, жақсы азамат болып өсуі.

«Қандай жолды таңдаса да, танымал болмаса да, біз оны үнемі жақсы көреміз, әрдайым жанынан табыламыз. Бастысы – жүрегі таза, ниеті ақ адам болып өсуі. Санжар – тек кішкентай жұлдыз емес, ата-анасының үлкен махаббат пен ықыласпен тәрбиелеп отырған дара баласы. Қылықты қылығымен жұртты сүйсінтіп жүрген баланың болашағы жарқын, арманы биік боларына біз сенеміз», - деді ол.

Ақнұр Тұяқбай