«Бастысы – табиғатты шын жүректен сүю»: экологпен сұхбат

5 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Бастысы – табиғатты шын жүректен сүю»: экологпен сұхбат
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

5 маусым елімізде Экологтар күнін атап өтеді. Экология саласы – адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтауға бағытталған ең маңызды бағыттардың бірі. Экологияның жай-күйі тек табиғи ортаның ғана емес, тұтас ұлттың денсаулығы мен болашағына әсер ететіні анық. Осы орайда Экологтар күніне байланысты біз Астана қаласы бойынша Экология департаментінің мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы Сандуғаш Жайлыбаевамен сұхбаттасып, эколог мамандығының маңыздылығы мен қоғамдағы рөлі туралы сұрап білдік.

- Экология саласын таңдауыңызға не түрткі болды?

- Бұл мамандықты таңдауымның себебі - адамдардың табиғатқа қаншалықты әсер ететінін және оны сақтаудың маңыздылығын терең түсіндім. Табиғаттың тепе-теңдігін сақтау – адамзат болашағына жасалған ең үлкен үлес.

- Қазіргі қызметіңіз қандай міндеттерді қамтиды? Эколог ретінде күнделікті жұмысыңыз қалай өтеді?

- Менің күнделікті жұмысым – азаматтардың экология саласы бойынша өтініштеріне жауап беру және оларды заңнама аясында шешу. Бұл арқылы біз қоршаған ортаның қорғалуына нақты үлес қосамыз.

- Сіздің ойыңызша, еліміздегі ең өзекті экологиялық мәселе қандай?

-  Бүгінгі таңда Қазақстанда ең күрделі экологиялық мәселе – атмосфералық ауаның ластануы. Бұл Алматы, Шымкент, Теміртау және Балқаш сияқты ірі қалаларда өзекті мәселе болып отыр. Ластануға  көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары, тау-кен және мұнай-химия өнеркәсібі, сондай-ақ автокөлік қозғалысы себеп болып отыр.

- Қазақстандағы экологиялық ахуал соңғы жылдары қалай өзгеріп жатыр?

- Анық өзгеріс бар. Ағаш отырғызу, қалдықтарды қайта өңдеу, ауа сапасын жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Қоғам экологиялық акцияларға белсенді қатыса бастады. Мұндай шағын, бірақ тұрақты қадамдар елімізді таза әрі жайлы етуге көмектеседі.

- Халықтың экологиялық сауаттылығы туралы не айтасыз? Адамдар табиғатқа деген жауапкершілікті қаншалықты сезінеді?

- Соңғы жылдары бұл бағытта алға ілгерілеу бар. Адамдар табиғатты қорғаудың маңызын түсіне бастады. Дегенмен шалғай ауылдар мен кейбір аймақтарда ақпарат жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан қоғамды экологиялық тұрғыда ағарту – өте маңызды әрі үздіксіз жұмыс.

- Мемлекет тарапынан экология саласына қандай қолдаулар мен жобалар бар?

- «Таза Қазақстан» бағдарламасы сәтті іске асып келеді. Қалдықтарды бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылып жатыр, экологиялық сенбіліктер жиі ұйымдастырылып жатыр. Мұндай жобалар халықтың да, мемлекеттің де табиғатқа жауапкершілігін күшейтуге сеп болады.

- Экологқа қандай қасиеттер қажет деп ойлайсыз?

- Табиғатқа сүйіспеншілік, жауапкершілік, табандылық пен сабырлық. Сонымен қатар командалық жұмыс, үздіксіз білім алу және жаңа шешімдер іздеу өте маңызды.

- Жастар арасында осы мамандыққа деген қызығушылық байқала ма?

- Иә, байқалады. Жастар экологиялық жобаларға белсенді қатысып жүр. Алайда олардың білімге, тәжірибеге қолжетімділігін арттыру маңызды. Мансаптық перспективалар туралы ақпарат берудің де мәні зор.

- Өз жұмысыңызда не шабыттандырады?

- Табиғатты қорғауға өз үлесімді қосу. Күнделікті жұмыстар арқылы адамдардың ой-санасына әсер етіп, қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерте алған кездер - мен үшін ең үлкен шабыт көзі.

- Қызмет барысында қандай қиындықтарға жиі тап боласыз?

- Кейде адамдардың экологиялық мәселелерге бейжай қарауы, ақпараттың жеткіліксіздігі қиындық тудырады. Дегенмен түсіндіру жұмыстарын тоқтатпай, әрбір азаматпен жеке жұмыс істеу нәтижелі болады.

- Қоғамдық ұйымдармен немесе еріктілермен бірлесе жұмыс істейсіздер ме?

- Иә, біз еріктілермен және экобелсенділермен бірге көптеген акциялар, сенбіліктер ұйымдастырамыз. Олар ақпарат таратуға, өзгелерге үлгі көрсетуге үлкен үлес қосып жүр.

- Эколог мамандығын таңдағысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бастысы – табиғатты шын жүректен сүю. Биология, химия, география пәндерін терең меңгеріп, ерікті ретінде бастау керек. Экология – нәтиже бірден көрінбейтін сала, сондықтан шыдам мен сенім қажет. Әрбір жас бұл әлемді жақсартуға өз үлесін қосса деймін.

Сұхбаттасқан Асылжан МЕЙРАМОВА