Астаналық оқушылар Еуропалық физика олимпиадасында топ жарды

18 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астаналық оқушылар Еуропалық физика олимпиадасында топ жарды
Фото: Астана қаласы РФММ

Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) – Қазақстандағы дарынды балаларға арналған алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі. Ғылымға құштар жас буынды тәрбиелеп, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын мықты мамандарды даярлау – осы мектептің басты миссиясы. Бұл сөзімізге жуырда Болгарияда өткен EuPhO-2025 – Еуропалық физика олимпиадасындағы тарихи жетістік нақты дәлел бола алады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Халықаралық аренадағы айтулы жеңіс

39 елдің ең үздік жас физиктері бас қосқан халықаралық додада Астана қаласындағы РФММ филиалының оқушысы Ильяс Қазымбек абсолюттік жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.

Онымен бірге жарысқа қатысқан тағы бір оқушы – Альтаир Ақанов та осал қарсылас емес екенін дәлелдеп, күміс медальға ие болды.

Бұл – кездейсоқ жетістік емес, жылдар бойы жүргізілген сапалы, жүйелі және кәсіби дайындықтың нәтижесі. Айта кетерлігі, Альтаир аталмыш олимпиадаға екінші жыл қатарынан қатысып, екеуінде де күміс медаль алған.

Жеңіс – жүйелі еңбектің жемісі

Оқушылардың осындай жоғары жетістікке жетуінде РФММ ұстаздарының кәсіби біліктілігі мен жүйелі оқыту жүйесінің орны ерекше. Физикаға қызығушылығы бар шәкірттер 7-сыныптан бастап олимпиадалық дайындыққа қатыса бастайды. Бұл жол алғашында юниорлық олимпиадалардан басталып, кейін республикалық, ал үздіктер үшін халықаралық деңгейге дейін жалғасады.

Мектептегі тереңдетілген физика курсына қоса, 7-11-сыныптарға арналған арнайы теориялық және практикалық үйірмелер тұрақты түрде жүргізіледі. Олимпиадаға дайындыққа ынталы оқушылар, тәжірибелі ұстаздар мен жаттықтырушылар жұмыла атсалысады.

Физика кафедрасының меңгерушісі Алмаз Салимовтың айтуынша:

«Екі оқушы да РФММ-нің халықаралық Advanced Placement (AP) бағдарламасы бойынша білім алады. Бұл бағдарламада оқушылар таңдаулы пәндерді ағылшын тілінде меңгеріп, университеттің бірінші курсы деңгейіндегі білімді игереді. Бұл – олардың академиялық дайындығын арттырып, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді».

Ғылым жолындағы табанды ізденіс

Ильяс Қазымбек биылғы EuPhO олимпиадасына алғаш рет қатысып-ақ, бірден алтын медальді жеңіп алды. Бұл — оның ғылым жолындағы кезекті биік белесі. Бұған дейін ол Азия халықаралық олимпиадасында қола, ал Жәутіков олимпиадасында (IZhO) күміс медальға ие болған.

Ал Альтаир Ақанов биылғы IZhO-2025 олимпиадасында алтын жүлде алып, Еуропалық олимпиадада екінші рет бақ сынап, тағы да жүлделі орынға ие болды. Болгария астанасында өткен бұл дода жас физиктер үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды.

Алғашқы жетістіктер: бәрі 9-сыныптан басталды

Ильяс пен Альтаирдің ғылымға бет бұруы кездейсоқ емес. Олардың халықаралық деңгейдегі алғашқы қадамдары 9-сыныптан басталған. Екеуі де Таиландта өткен Халықаралық жасөспірімдер жаратылыстану олимпиадасына (IJSO) Қазақстан атынан қатысып, қола медаль жеңіп алған.

Қазақстанның үмітін ақтаған оқушылар

Осылайша Ильяс пен Альтаирдің жеңісі – тек РФММ ұжымы үшін емес, барша Қазақстан үшін үлкен мақтаныш. Бұл жетістіктер еліміздің білім саласында жүйелі дамудың бар екенін көрсетіп қана қоймай, Қазақстан жастарының ғылымға деген ынтасы мен әлеуетінің зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

РФММ-нің басты мақсаты – әлемді жақсы жаққа өзгертетін физиктерді, математиктер мен инженерлерді тәрбиелеу. Жоғарыда аталған оқушылар – осы миссияның орындалып жатқанының айқын көрінісі.

Ақнұр Тұяқбай