Астанада жалпы құны 25 млн теңгені құрайтын 5 тонна насыбай жойылды


Рейдтер барысында аудандық әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері Астана бойынша жалпы құны 25 миллион теңгеден асатын тағы 5 тонна насыбайды тәркіледі. Тәркіленген барлық өнім жойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Насыбайды жоюға бағытталған іс-шара «Заң мен тәртіп» жобасы мен «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» кең ауқымды экоакциясы аясында өткізілді.
Акцияны Астана қаласының әкімдігі мен елордалық Полиция департаменті жеке серіктес – «Green economy» Еуропалық-Азиялық қауымдастығы» ЗТБ «KAZECOTECH НТП» ЖШС-нің қатысуымен ұйымдастырды. Акцияға AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, еріктілер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Насыбайды жою жөніндегі акция өндірістік база аумағында өтті. Заттың барлық көлемі медициналық қалдықтарды утилизациялауға арналған мамандандырылған қондырғыда жойылды.
«Бұл - «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ-ның «жасыл» технологиялар мен жабдықтар тізіліміне Қазақстан бойынша енгізілген жалғыз құрал-жабдық. Тиісінше, шегілмейтін темекі қоспаларын (насыбайды) термиялық жою экологияға еш зиянын тигізген жоқ. Процесті арнайы комиссия бақылап тұрды», - делінген Астана әкімдігінің ресми хабарламасында.
Рейдтік іс-шаралар барысында елорданың алты ауданында 500-ден астам сауда нүктелері тексерілді. Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 100-ден астам фактісін анықтады, барлық өнімдер тәркіленіп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рейдтік тексерулер нәтижесінде құқық бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Сауда орнындағы барлық өнімдер тәркіленеді.
«Астана қаласында үлкен базарларда, арнайы нүктелерде сатылған шегілмейтін зат өнімдері құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп тәркіленді. Бүгін жастар, еріктілермен бірге осы арнайы зауытқа келіп, бүкіл 5 тонна шегілмейтін зат өнімдерін жойдық. Осы шегілмейтін зат өнімдерін көбінесе жастар тұтынады, халқымызға оның зияны тиеді, сондықтан да біз осы жұмысты жүйелі түрде жалғастыратын боламыз», - деді іс-шара орнында Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана қаласы Amanat партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Арсланбек Мағзұм.
Аяна Қабылбекова



