Астанада Достық үйінде аналар мерекесіне арналған жиын өтті

13 мамыр, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада Достық үйінде аналар мерекесіне арналған жиын өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Аналар мерекесіне орай елордадағы Достық үйінде «Ана – гүл, ана – өмір шырағы» атты мерекелік жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шарада Астана қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Құсайынова құттықтау сөз сөйледі.

«Бүгін біз өткен жексенбіде аталып өткен Аналар күніне орай, Достық үйінің бастамасымен тағы бір іс-шарада бас қосып отырмыз. «Ана» деген сөз – әрқайсымыз үшін тек жылы естеліктер емес, бұл өмірдегі ең қымбат жан туралы айтылатын ең бағалы сөз. Бүгінгі іс-шарамыз – барша аналарға, яғни өз балаларына ерекше мейірім мен тәрбие беріп отырған жандарға арналды. Себебі шынын айтқанда, әркімнің қолынан жақсы ана болу келе бермейді – бала өсіріп, оны дені сау, тәрбиелі азамат етіп шығару оңай емес. Сол себепті Достық үйіне шақырып, осындай іс-шара ұйымдастырылып отыр. Ең алдымен балаларыңызға күш-қуат пен сенімділік тілеймін! Сонымен бірге, аналар да өз бойларындағы таланттары мен қабілеттерін жүзеге асыра алатынын ұмытпауы керек», -деді ол.

Іс-шараны астаналық ҚХА дәстүрлі түрде Аналар күніне орай өткізеді. Оған қоғамдық бірлестіктердің өкілдері – Астана қаласы ҚХА жанындағы Аналар Кеңесі және Әжелер кеңесі қатысып жатыр.

«Аналар кеңесі көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналардың басын қосады. Биыл 20-дан астам осындай бала, әртүрлі ұлт өкілдері қатысып жатыр. Біз дені сау балалар мен ерекше балалар өздерін тең сезінуі үшін инклюзивті орта қалыптастыруға тырысамыз. Мереке арт-терапия түрінде өтеді. Шеберлік сабақтарын «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының әйелдері өткізеді – олар балаларға белсенді әрі ұзақ өмір сүру жолдарын үйретіп, моториканы дамытуға арналған түрлі жаттығулар жасатады. Сонымен қатар, аниматорлар мен заң театры да жұмыс істейді – олар балалардың мүмкіндіктеріне қарай ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырады», - деп түсіндірді Достық үйінің халық шығармашылығы бөлімінің маманы Зәмзәгүл Сағиева.

Аналар кеңесі балаларға сыйлықтар дайындады. Балалар қолөнер бұйымдары мен қолөнершілердің кәдесыйларын өздерімен бірге алып кетті.
Аналар да сыйлықсыз ған жоқ, балалар оларға арнайы фотосессия кезінде түсірілген портреттерін тарту етті.

«Арт-терапия – жұрт ойлайтындай, тек сурет салу ғана емес. Бұл – шығармашылық арқылы емдеу: сәндік-қолданбалы өнер, әртүрлі материалдармен жұмыс істеу, музыка, би, театрландыру. Өткен іс-шарада біз осының бәрін біріктіріп, балаларға қуаныш, жайлылық және ерекше сезімін сыйлауға тырыстық.

Біз бұл іс-шараны екі маңызды мерекеге арнадық – Қазақстанда мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Аналар күніне және 15 мамырдағы Отбасы күніне. Біз балалармен, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істедік, олардың диагноздарына назар аудармай, әр баланы маңызды, сүйікті сезінуге мүмкіндік бердік. Жиын ойын түрінде өтті. Балалар «Ана» тақырыбында сурет салып, салған суреттерін арнайы ұйымдастырылған шағын көрмеге қойды. Шығармашылық бөлімнен кейін қозғалмалы және үстел ойындары, музыкалық үзілістер болды. Ең қуанышты сәттердің бірі – сыйлықтар, оларды Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әжелері әзірледі. Осылайша, біз тек мерекелік көңіл күй ғана емес, ұрпақтар арасындағы байланыс қаншалықты маңызды екенін және адамдардың белсенді өмір сүре алатындығын көрсеттік.

Қатысушылардың бәріне алғыс айтамыз, әрине мұндай кездесулерді алдағы уақытта да өткіземіз», - деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының арт-студиясының жетекшісі Айгүл Қожахметова.