Астанада балалардың судағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды

11 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астанада балалардың судағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астананың Сарыарқа аудандық прокуратура өкілдері мектеп директорларымен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz  Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі тақырыбы – жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары. Әсіресе, балалардың рұқсат етілмеген су айдындарында шомылуы мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл жағдайлар жыл сайын қайғылы оқиғаларға алып келуде.

«Құзырлы органдардың мәліметінше, судағы қайғылы жағдайлардың көпшілігі шомылуға арналмаған орындарда болады. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың құрбандары – көбіне балалар мен жасөспірімдер. Прокуратураның бастамасымен мектеп директорларымен бірге осындай жағдайлардың алдын алу жолдары талқыланды. Оқу орындарының басшыларына оқушылар мен олардың ата-аналарын ақпараттандыру бойынша ұсыныстар берілді», - деді Сарыарқа ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай.

Кездесу барысында алда өтетін мектеп бітіру кештері кезіндегі қауіпсіздік шаралары да талқыланды.

«Бізге ата-аналармен тиімді жұмыс істеу бойынша нақты ұсыныстар берілді. Қауіпсіздік ережелерін білу және бұл ақпаратты оқушыларымыздың отбасыларына дұрыс жеткізу — өте маңызды. Мұндай кездесулер бізге, мектеп директорларына, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тиімдірек болуға көмектеседі», -  деп атап өтті №15 мектеп-лицейдің директоры Сафия Қабыкенова.