Астанада Қазақстан дала аңдары туралы кітаптың тұсаукесері өтті


Астанада Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы (АСБК) шығарған «Степные звери Казахстана» атты ғылыми-көпшілік кітаптың ресми тұсаукесері өтті. Бұл - 2023 жылы қазақ тілінде жарық көрген «Қазақстан дала аңдары» атты басылымның орыс тіліндегі толықтырылған және кеңейтілген нұсқасы, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шарада зоолог-авторлар, суретші және экобілім беру жобаларының үйлестірушілері сөз сөйледі.
Қазақстан аумағының үштен бірін алып жатқан далалы жерлер - тұяқтылардан бастап жыртқыштар мен кеміргіштерге дейін сан алуан сүтқоректілердің мекені. Жаңа кітап осы жануарлардың өмір сүру ерекшеліктерін, олардың экожүйедегі рөлін және табиғатпен өзара байланысын кеңінен баяндайды.
Кітап авторлары - дала экожүйелерін ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан зоологтар Алёна Кошкина, Сергей Скляренко және Илья Смелянский.
«Далалы жерлер - Қазақстанның жан жүрегі. Біздің міндетіміз - мұндағы биоалуандықты сақтап қалу. Осы құрал бірегей әлемді жете тануға әрі қорғауға талпынатын әр адам баласының күнделікті кітабына айналады деген үміттеміз», - деді кітап авторы Алёна Кошкина.
Кітаптағы көркем иллюстрациялар суретші Дарья Скляренконың қолынан шыққан. Ол дала жануарларының сырт келбеті мен мінез-құлқын, сондай-ақ маусымдық пейзаждарды дәл әрі тартымды бейнелеген.
«Кітапта көрнекі шешімнің мәні зор. Түстердің үйлесімін табу мен табиғи реңдерді дәл беру үшін фото- және видеоматериалдарға сүйеніп, сарапшылармен тығыз байланыста жұмыс істедім. Нәтижесінде сағаттап қарайтын, ой елегінен өткізетін, көркем салынған кітап шықты», - дейді суретші.
Басылым балалар мен жасөспірімдерді табиғатты сүюге баулу мақсатында құрылған. Авторлар кітап құрылымын да осы мақсатқа бейімдеп жасаған.
«Біз жай анықтама құралын емес, жас оқырманды дала тіршілігіне терең бойлататын, табиғатқа жаңаша қарауға итермелейтін кітап жасағымыз келді. Ондағы аңдар шынайы ортада ін қазып, жыртқыштан жасырынып, баласына қамқор болып тіршілік етіп жүр. Кітап арқылы оқырманды қазақ даласының ғажайып әлеміне жетелеуді мақсат еттік», - деді кітап идеясының авторы әрі редактор, АСБК қызметкері Эльмира Мұстафина.
Басылымда аңдардың табиғи өлшемдегі табан іздері, қоныс аударуы мен ұйқыға кету үрдістері, далалық экожүйелерді сақтау бағытындағы ғылыми жұмыстар туралы да қосымша материалдар қамтылған.
Кітапты басып шығаруға бес жыл уақыт кеткен. АСБК өкілдерінің айтуынша, бұл - ұйым ішінен шыққан толық авторлық жоба.
«Кітап идеясы да, мазмұны да, авторлары да түгелдей АСБК ішінде қалыптасты. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Келесі мақсат - ағылшын тілінде шығару», - дейді ғылыми директор Сергей Скляренко.
Кітап экологиялық ағарту жұмысында ерекше рөл атқарады. Бұған дейін құстар жайлы басылымдар көптеп жарық көргенімен, сүтқоректілерге арналған танымдық құралдар сирек болған.
«Бұл кітап табиғат әдебиетіндегі бір бос орынды толтырып отыр. Соңғы жылдары құстар туралы біраз еңбек жарық көргенімен, аңдар жағы назардан тыс қалған еді», - дейді Илья Смелянский.
Аяна Қабылбекова



