Астана прокуратурасы ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырды


Жаз мезгілінің басталуына байланысты балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың, ата-аналардың және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Бұл туралы Астана қаласы прокурорының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланған баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жүзу маусымының басталуымен бірге судағы қайғылы оқиғалар саны артты. Мұндай жағдайлардың басты себептері – балалардың қараусыз қалуы, арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылу және қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы.
Ата-аналар мен заңды өкілдер балаларды бақылауға міндетті. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, бұл міндетті орындамағандарға 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Жыл басынан бері 29 жағдай тіркеліп, соның 8-і қайғылы аяқталған. Жас құрбандардың көпшілігі – 5 жасқа дейінгі балалар. Мұндай оқиғалар терезеде арнайы қауіпсіздік құрылғыларының болмауынан және москит торларына жалған сенім артудан туындайды.
Ата-аналарға ашық терезелері бар бөлмеде балаларды қараусыз қалдырмау және қорғаныс құрылғыларын орнату ұсынылады.
Жол-көлік қауіпсіздігі Жасөспірімдер арасында самокат, велосипед міну кезінде жол ережелерін бұзу да жиі кездеседі. «Жол жүрісі туралы» заңның 57-бабына сәйкес, электрсамокат және велосипед тізгіндегендерге:
-рульден қолын жіберуге;
-жолаушы не жүк тасуға;
-жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өтуге;
-жарық шағылыстырғышсыз түнде жүруге;
-шлемсіз жүруге тыйым салынады.
16 жастан асқан жасөспірімдер өздері жауапқа тартылуы мүмкін, ал кіші жастағылар үшін ата-аналар жауап береді.
Жазда балалардың түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында үлкендерсіз жүру жағдайлары көбейеді. ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес, сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық орындарында және 23:00-ден кейін көшеде ересектерсіз жүрген балалар үшін ата-аналарға ескерту немесе айыппұл салынады.
Жазатайым жағдайлардың алдын алу – тек отбасының ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың, мұғалімдердің және қоғамның ортақ міндеті екенін ескертеді.
Балалар қауіпсіздігі мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында прокуратура полициямен, білім беру ұйымдарымен, ТЖД және басқа да құрылымдармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.