«Алаяқтар болуы мүмкін»: Мүфтият құрбандық шалатын азаматтарды абай болуға шақырды

4 маусым, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
«Алаяқтар болуы мүмкін»: Мүфтият құрбандық шалатын азаматтарды абай болуға шақырды
Фото: freepik.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт мейрамы кезінде кейбір адамдар алаяқтыққа барып, жалған сайттар арқылы құрбандыққа аударған ақшаны өз қалталарына басуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

ҚМДБ қасиетті Құрбан айт мейрамы қарсаңында qurban.muftyat.kz ресми онлайн платформасын іске қосқан болатын. Бұл сайт арқылы құрбандық шалғысы келген әр азамат құрбандық малын таңдап, қаражатты қауіпсіз түрде аудара алады.

«Өкінішке қарай, биыл құрбан шалу рәсімін оңайлату үшін ҚМДБ тарапынан жасалған игі бастаманы теріс мақсатта қолданып, түрлі алаяқтық әрекеттер болуы ықтимал. Осы себепті еліміздің азаматтарын қорғау мақсатында маңызды ескерту жасаймыз: Құрбан айт мерекесі кезінде өздерінің теріс мақсаттарын жүзеге асыру үшін кейбір белгісіз азаматтар мен ұйымдар жалған құрбандық сайттарын ашып, халықты адастырып, құрбандыққа аударған қаражаттарын өзге мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан баршаңызды абай болуға шақырамыз», - деп ескертті мүфтият.

ҚМДБ тек сенімді qurban.muftyat.kz ресми платформасы арқылы құрбандық шалуға шақырады. Діни басқарма күмәнді сайттар мен беймәлім адамдардың ұсыныстарынан сақ болуға кеңес берді.

Айта кетерлігі, Құрбан айттың алғашқы күні, яғни 6 маусымда қазақстандықтар демалады.