Ұлттық қордан 2 трлн сұрауға мәжбүр болдық – Ұлттық экономика министрі

18 маусым, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Ұлттық қордан 2 трлн сұрауға мәжбүр болдық – Ұлттық экономика министрі
Фото: primeminister.kz

Парламент Мәжілісінде Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Республикалық бюджеттің кірістері бойынша сұраққа жауап берді.

«Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жоспар (трансферттерді есептемегенде) 16,1 трлн теңге сомасында немесе 2023 жылғы нақты сомамен салыстырғанда 11%-ға артық.. Алайда, 2024 жылдың 9 айдағы орындау нәтижелері бойынша 14,1 трлн теңгені құрады. Сол себепті Ұлттық қордан 2 трлн сұрауға мәжбүр болдық. Қазіргі уақытта Республикалық бюджет кірістерінің құрылымында (трансферттерді есептемегенде) негізгі үлесті – 91,1%-ын салықтық түсімдер алып отыр, ол бойынша жоспар 97,1%-ға орындалған. Себебі салықты бөлу, қамтамасыз ету жүйесі өзгерді. Тұрақты салықтарды жергілікті атқарушы органдарға бердік. Өйткені олардың базасы бар. Тұрақсыз салықтар Республикалық бюджетте қалады. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы – толық орындалмауы 17,2 млрд теңгені құрады, бұл тұрақсыз геосаяси жағдайға байланысты өндіру, жасап шығару, жеткізу көлемінің қысқаруы және логистикалық шығыстардың өсуі аясында бірқатар ірі кәсіпорындар кірісінің азаюына байланысты. Ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жоспар 567,0 млрд теңгеге орындалмаған.  2023 жылы қайтарылған ҚҚС – 429,7 млрд теңге болса, 2024 жылы – 1,2 трлн теңгені құрады. Соған байланысты. Себебі біз қосылған құн салығын бизнеске көбірек қайтардық. Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар 97,4%-ды құрады», - деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.