Елімізде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсті

13 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4%-ға өсті
Фото: AGROPRESS

Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында ауыл шаруашылығы саласында өсім тіркелді. Жалпы өнім көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Өсімнің негізгі қозғаушы күші — мал шаруашылығы. Бұл бағытта өндірілген өнім көлемі 1,2 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға жоғары. Соның ішінде сойыс салмағындағы ет өндірісі 3%-ға өсіп, 409,1 мың тоннаға жетсе, сиыр сүті өндірісі 7,5%-ға артып, 1 347,9 мың тоннаны құрады.

Мал басының саны да ұлғайды. Ірі қара мал саны 9,7 млн басқа (23,4%), қой мен ешкі — 26,3 млн басқа (7,8%), жылқы — 5 млн басқа (112%), түйе — 321,3 мың басқа (8,5%), ал құс саны — 47,7 млн басқа (2,2%) жетті.
Өсімдік шаруашылығының өнім көлемі 68 млрд теңгені құрады, ал физикалық көлем индексі өзгеріссіз — 100% деңгейінде қалды.

Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 10,5%-ға өсіп, 1 496,5 млрд теңгеге жетті. Сусындар өндірісі де 5,3%-ға артып, 451,9 млрд теңгені құрады.

Өңірлер арасында ең жоғары өсім Жамбыл (151,3%), Жетісу (138,4%), Шымкент (123,5%), Солтүстік Қазақстан (118,3%) және Қызылорда (116,7%) облыстарында байқалды.

Бұдан бөлек, бірқатар азық-түлік өнімдерінің өндірісі ұлғайды. Өсімдік майы өндірісі — 376,8 мың тоннаға (19,1%), шұжық өнімдері — 31,1 мың тоннаға (11,3%), сары май — 15,1 мың тоннаға (12,7%), ұн — 1 438,3 мың тоннаға (6,6%), ал қышқыл сүт өнімдері — 106,2 мың тоннаға (4,3%) артты.