Ауыл шаруашылығы өндірушілері мен астық экспорттаушыларына 2,8 млрд теңге төленді

10 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ауыл шаруашылығы өндірушілері мен астық экспорттаушыларына 2,8 млрд теңге төленді
Фото: AGROPRESS

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бидайды алыс шетел нарықтарына жеткізетін ауыл шаруашылығы өндірушілері мен экспорттаушыларға төлемдерді жалғастыруда. 2025 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша көлік шығындарын өтеуге 345 өтінім түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Экспорттық жеткізілімдердің жалпы көлемі 16,8 млрд теңге сомасына 740,7 мың тонна бидайды құрады. Экспорттың негізгі бағыттары: Әзірбайжан – 329,3 мың тонна, Балтық елдері – 224,5 мың тонна, Грузия – 41 мың тонна және Қара теңіз бен Балтық теңізінің порттары арқылы транзиттік маршруттар – 108,3 мың тонна. 

«ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен Астық тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу қағидаларына сәйкес Азық-түлік келісімшарт корпорациясы экспорттаушыларға 121,7 мың тонна бидай жеткізгені үшін 2,8 млрд теңгеден астам төледі. Атап айтқанда, жеткізушілерге Әзірбайжанға астық жөнелтуге 1,1 млрд теңге, Балтық елдеріне – 1,2 млрд теңге, Ауғанстанға – 223,2 млн теңге, Грузияға – 21 млн теңге, Қара теңіз бағытында – 170,2 млн теңге көлемінде қаражат аударылды», - делінген хабарламада.   

Төлемдер жеткізу көлемі расталуына және субсидиялау шарттарының сәйкестігіне қарай кезең-кезеңмен жүргізіледі.  

Естеріңізге сала кетейік, Азов, Қара және Балтық теңіздерінің порттарына, Латвия, Литва, Эстонияға транзиттік маршруттар бойынша бидайды тасымалдағаны үшін ішінара өтемақы беріледі. Сондай-ақ, астықты Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бағытында транзитпен жөнелтетін жеткізушілер үшін мемлекеттік қолдау көзделген.

Өтемақы мөлшері экспорт бағытына байланысты бір тонна астық үшін 20-дан 30 мың теңгеге дейін құрайды.

Субсидияларды төлеу қағидалары 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізілген тасымалдарға қолданылады.

Ағымдағы нарықтық жағдайды ескере отырып, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы экспорт географиясын кеңейтуге, оның ішінде Балтық порттары арқылы жаңа халықаралық сауда орындарына шығуға және жоғалған нарықтарда позицияларды қалпына келтіруге ерекше назар аударады.