Елордада ашық жүрекке алғашқы ота сәтті жасалды


Астана қаласының №1 көпбейінді қалалық ауруханасының кардиохирургтары ашық жүрекке жасаған алғашқы ота сәтті өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл оқиға бүкіл республика үшін стратегиялық маңызы бар жаңа кардиохирургиялық бөлімше жұмысының ресми басталуын белгіледі.
Енді мұнда елорда тұрғындары мен еліміздің басқа өңірлерінен келген пациенттер коронарлық артерияны шунттауды, жүректің қақпақшасы аппаратының туа біткен және жүре пайда болған ақаулары кезінде реконструктивті және протездеу операцияларын жүргізуді, хирургиялық санация мен қақпақшаларды ауыстырудың заманауи әдістерін қолдана отырып инфекциялық эндокардитті емдеу және араласудың басқа түрлерін қоса алғанда коронарлық артерия ауруының жіті және созылмалы түрлерінде жоғары технологиялық мамандандырылған жоспарлы және шұғыл кардиохирургиялық көмек ала алады.
Бүгінгі таңда республикалық мамандандырылған орталықтардың қолданыстағы қуаттары шамадан тыс жүктелген, бұл өмірлік маңызды көмек көрсетудің кешеуілдеуіне әкелуі мүмкін.
Кардиохирургиялық бөлімшені ашу нәтижесінде жедел диагностика және ерте хирургиялық емдеу хаттамаларын енгізудің есебінен ЖИА және жіті коронарлық синдромның асқынған түрлерінен болатын өлімнің төмендеуі, қақпақшалық жүрек ақаулары бар пациенттердің өмір сүру сапасының жақсаруы, инфекциялық эндокардит кезінде өлімнің төмендеуі күтіледі.



