Елімізде соңғы 10 жылда 2 отандық препарат қана тіркелген – Смайылов


Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов «Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу» тақырыбында баяндама ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы еліміздегі фармацевтикалық нарықтың 84 пайызы шетелдік өнім екенін атап өтті.
«Халықтың денсаулығы - еліміздің әл-ауқаты мен дамуының негізгі факторларының бірі. Мемлекет басшысы азаматтар үшін дәрі-дәрмектің қоолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуді мемлекет саясатының басым міндеті екенін атап өтті. Мәселен, 2024-2025 жылдары жүргізілген екі аудит дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар проблеманы анықтады. Бірінші, отандық фармацевтика саласының нашар дамуы, Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84 пайызы шетелдік өнім. 2022-2024 жылдар аралығында медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалды. Ғылыми жобалар саны аз болса да, денсаулық сақтау министрлігі ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан іске асырылатын зерттеулерден хабарсыз. Бұл нақты қажеттіліктерді ескере отырып, ғылыми приоритеттерді уақыты түзетуге мүмкіндік бермейді»,- деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар ол соңғы 10 жылда елімізде тек 2 түпнұсқа отандық препарат жасалғанын айтты.
«Биомедициналық және клиникалық зерттеулердің реттеушілік базасында да кемшіліктер бар. Бірнеше жыл өтсе де биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі мен клиникалық базалар тізілімі әлі жасалмаған. Осының салдарынан ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі өте төмен. Соңғы 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. Олардың біреуін әзірлеуге 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, Ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген.
Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін ауқымды көлемде жеңілдіктер мен преференциялар беруде. 2022-2024 жылдары осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар Бірыңғай дистрибьютор отандық тауар өндірушілердің өнімін 10 жыл бойы сатып алуға кепілдік беретін ұзақ мерзімді шарттар жасайды. Мұндай сатып алу көлемі соңғы бес жылда 69 млрд теңгеден 112 млрд теңгеге дейін өсті», - деді Әлихан Смайылов.



