Ел мектептеріне оқушыларды кәсіптік бағдарлауға арналған жаңа цифрлық құрал енгізіледі

Бүгін, 10:56
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ел мектептеріне оқушыларды кәсіптік бағдарлауға арналған жаңа цифрлық құрал енгізіледі
Фото: жасанды интеллект/ҚР Оқу-ағарту министрлігінен

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп оқушыларға кәсіптік бағдар берудің «Оқушының қызығушылықтары мен дағдыларының икемді бейіні» (ОҚДИБ) цифрлық әдістемесін әзірледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Аталған бастама болашақ кәсіпті ерте жастан саналы таңдауды қалыптастыруға бағытталған және 7-9 сынып оқушыларына арналған. Бұл әдістеме оқушыларға қызығушылықтарын айқындауға, қабілеттерін анықтауға және одан әрі даму үшін оңтайлы бағыттарды таңдауға көмектеседі.

Әзірлеме қазақстандық мазмұнға бейімделген және еліміз бойынша 10 мыңнан астам оқушы қатысқан сынақтан өткен.

«Бұл құрал университеттердің 400-ден астам бағдарламасы, колледждердің 200-ге жуық мамандығы мен жұмысшы кәсіптерін біріктіретін Мансап компасы цифрлық платформасына енгізілген. 
Платформа оқушылардың, педагогтердің және ата-аналардың жеке кабинеттеріне қол жеткізуді қамтамасыз ете отырып, бір цифрлық кеңістікте жүйелі кәсіптік бағдарлауды қамтамасыз етеді. Тест нәтижелері автоматты түрде өңделеді: оқушылар – жеке ақыл-кеңестер, педагогтер – заманауи сүйемелдеу құралдарын, ал ата-аналар – баланың даму сараптамасы мен динамикасы туралы ақпарат алады», – деп атап өтті Алтынсарин академиясының президенті Нәзипа Аюбаева.
 
Жоба жалпы білім беретін мектептерге заманауи, тұрақты және болашаққа бағдарланған кәсіптік бағдарлау жүйесін құруға жағдай жасап, әрбір балаға болашақ кәсіби жолын саналы таңдауға мүмкіндік берді.