ҰБТ: талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинады


Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 164 мыңнан астам тестілеу өткізілді. Талапкерлердің 74%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде және 136 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Үшінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 69%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 65-ті құрады. Ең жоғары нәтиже — 140 балл — Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек бірінші аптада көрсетті.
Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы «Математика-Физика», 15%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 477 талапкер қатысқан.
Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
«ҰБТ басталғалы 206 ереже бұзған жағдай тіркелген. 98 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 108 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ»,- делінген хабарламада.



