ЖСДП сайлауалды науқанын бастап, астанада орталық штабын ашты
Астана қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Орталық сайлауалды штабының ресми ашылуы өтіп, партияның сайлауалды үгіт-насихат науқаны салтанатты түрде басталғаны жарияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ЖСДП штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов, Қазақстан Республикасы Құрылтайына депутаттыққа кандидаттар Максут Насибулов, Ажар Сағандықова, Наурыз Сайлаубай, Нұрлан Жабаев, сондай-ақ партияның өзге де жақтастары мен белсенділері және қоғам өкілдері қатысты.
Шара барысында партияның «Прогресс жолындағы 20 белес!» атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар көпшілікке таныстырылды. Одан бөлек, өңірлік сайлауалды штабтар желісінің жұмысы ресми түрде іске қосылды.
Орталық штабтың ашылуында сөз сөйлеген ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов партияның сайлауалды науқаны ресми түрде басталып кеткенін айтты.
«Біздің мақсаттарымыз: ашық бюджет, тәуелсіз сот және ешқандай сыбайластыққа жол бермейтін, баршаға ортақ заң үстемдігі. Біздің кандидаттар мемлекеттің әр азаматымен ашық әрі адал пікір алмасуды көздеп отыр. Олар елдің барлық өңірін аралайды, халықпен тікелей қатынас орнатады», – деді ЖСДП төрағасы.
Шараның ашылуы кезінде азаматтармен тікелей байланысудың интерактивті форматтарына ерекше назар аударылды. ЖСДП төрағасының орынбасары Талғат Омаров сайлауалды науқан аясында бұл жобалар еш тоқтаусыз жұмыс істейтін жаңа жобалар екенін ерекше назарға алып айтып өтті.
Сонымен қатар ЖСДП сайлау науқаны барысында «Халықпен тікелей байланыс», «Халық телефоны» акцияларын да сәтті жүзеге асырып отыр.
Партия сайлау науқаны қарсаңында «Болашақ Құрылтайға хат» жобасын іске қосты.
ЖСДП-ның Орталық сайлауалды штабы енді азаматтармен күн сайын тұрақты негізде жұмыс жүргізеді.