ЖИ арқылы жалған чек жасаған: Жетісуда кәмелетке толмаған жастардың теріс әрекеті әшкереленді

ЖИ арқылы жалған чек жасаған: Жетісуда кәмелетке толмаған жастардың теріс әрекеті әшкереленді
Фото: pexels.com

Жетісу облысында кәмелетке толмаған үш жасөспірімнің жалған банктік чектерді жасау үшін жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, сатушыларды жаңылыстыру арқылы тауарларды бірнеше рет жымқырғаны анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Жасөспірімдердің бұл әрекеті кассаға нақты ақша қаражатының түсуі мен сатып алушылар ұсынған электрондық чектер арасындағы сәйкессіздікті байқаған кәсіпкерлердің өтініштерінен кейін жедел анықталған. 

Аталған дерек бойынша алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет жасалған алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

Жетісу облысының прокуратурасы кәсіпкерлер мен барлық азаматтарды сақтықты күшейтуге шақырды. Сондай-ақ төлемдерді тек банктердің ресми мобильді қосымшалары және транзакцияларды растау сервистері арқылы тексеруді ұсынды. 

Бұған дейін бір бөлмелі пәтерге 109 адамды тіркеп, заңсыз көші-қон ұйымдастырған алматылықтың қитұрқы әрекеті әшкере болғанын жазған едік.