Жаңа жыл түнінде теміржол кассалары жұмыс істей ме
Мерекеде еліміздің теміржол көлігі демалыс және мереке күндеріне қарамастан 24/7 режимінде жұмыс істейді. Сала қызметкерлері жолаушылар мен жүктерді үздіксіз және сенімді тасымалдауды, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚТЖ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көптеген теміржолшылар пойыздар қозғалысы мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, Жаңа жылды жолда қарсы алады.
Жаңа жыл қарсаңында жүк қозғалысының 1 685 машинисі, жолаушылар пойыздарының 357 машинисі мен шаруашылық және маневрлік қозғалыстың 698 машинисі кезекшілікке түседі.
Теміржол вокзалдарында мереке күндері «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның 122 билет кассасы, оның 40-ы 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні жұмыс істейтін болады.
Жаңа жыл қарсаңында пойыздарға 81 пойыз бригадасы және 1 600 астам жолсерік тартылатын болады.
Мерекелік түнде пойыз бригадаларымен қатар вокзалдар бойынша кезекшілер, анықтамалық бюро қызметкерлері, тасымалдауды басқару орталықтарының диспетчерлері, жол монтерлері және пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі, жүктердің сақталуы және теміржолдағы тәртіптің үйлесімді жұмысына қатысы бар басқа да мамандар қызмет атқаруды жалғастырады.
31 желтоқсанда теміржолшылар вокзалдар мен пойыздарда жолаушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтайды. Көптеген сала қызметкерлері үшін жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алу кәсіби дәстүр болып табылады. Мерекелік күнге қарамастан, олар теміржолдың сенімді жұмысын және жолаушылардың жайлылығын қамтамасыз етуде жұмыс орындарында болады.
Бұған дейін пойыздарда Аяз ата мен Ақшақар жолаушыларды Жаңа жылмен құттықтап жүргенін жаздық.