Жамбыл облысында тұрғыннан 43 келіден астам марихуана тәркіленді

Бүгін, 11:05
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Жамбыл облысында тұрғыннан 43 келіден астам марихуана тәркіленді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жамбыл облысында ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, патрульдік полиция батальоны және кинолог мамандармен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі затын тасымалдаған 56 жастағы ер адам ұсталды.

«Полицейлер Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының Қордай ауылы маңында Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде қызметтік Сэм атты иттің көмегімен автокөліктің артқы орындығынан өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар зат салынған үш ақ полиэтилен қап табылды. Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 43 келіден асатын кептірілген марихуана екені анықталды», - деп жазылған хабарламада.

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.

Бұған дейін елордада есірткі сақтаған аспаз ұсталғанын жаздық.