«Тағамға арналған дәмдеуіш»: елордада есірткі сақтаған аспаз ұсталды
Республикалық «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу мақсатында елордалық полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде автобус аялдамасынан қолында барсеткасы бар ер адамды байқап, тексеру үшін тоқтатты, деп хабарлады Elordainfo.kz Iшкi iстер министрлiгiне сілтеме жасап.
«Жеке тінту барысында сөмкесінен сұр-жасыл түсті, өзіне тән иісі бар 7 орам марихуана, сары түсті сұйық консистенциялы гашиш майына тән иісі бар 20 пластик құты, сондай-ақ өсімдік тектес қою сұр түсті өзіне тән иісі бар 10 орам каннабис шайыры табылды.
Ер адам өзінің аспаз болып жұмыс істейтінін айтып, бұл заттарды «тағамдарға арналған дәмдеуіштер» деп түсіндірген. Оның елордадағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтіні расталғанымен, тәркіленген заттардың тағам өнімдеріне ешқандай қатысы жоқ екені анықталды», - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша ер адамға қатысты есірткі құралдарын заңсыз сақтау фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Полиция есірткінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып, азаматтарға тыйым салынған заттарды сақтау және тарату үшін заңда жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Бұған дейін шетел азаматы Қазақстанға «999» таңбасымен 36 қап есірткі алып кірмекші болғанын жазған болатынбыз.