Жалпыұлттық коалиция мүшелері Астанадағы №3 сорғы-сүзгі станциясына барды
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері бүгін Астанадағы №3 сорғы-сүзгі станциясына барып, қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оған Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдрасулов қатысты.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы жан-жақты түсіндірілді.
«Ата заңда преамбула жаңадан жазылды. Адамның өмірі мен құқығы басты құндылық екені Конституцияда көрсетілген. Білімге, ғылымға, мәдениетке, инновацияға көбірек көңіл бөлініп отыр. Елімізде Халық кеңесі құрылады. Оның құрамына этнос өкілдері кіреді. Олар өздерінің мүдделерін Халық кеңесінде қорғап, әрі қарай мемлекетпен жұмыс істеп, бастамаларын Құрылтайға айтады. Ол да үлкен жетістік. Сондай-ақ мұнда Миранда ережесі бар. Әр адамды ұстау барысында «әр айтқан сөзіңіз өзіңізге қарсы жұмыс істеуі мүмкін, ештеңе айтпауға, адвокат шақыруға құқығыңыз бар» деп айту қажет. Ал егер бұл ереже сақталмаса, онда дәлелдер жоққа шығады. Бұл Конституциямен бекітіліп отыр. Сондай-ақ елімізде Вице-президент лауазымы, бір палаталы Парламент құрылып, оның атауы Құрылтай болады», - деді Ермек Баяхметұлы.
Қаладағы №3 сорғы-сүзгі станциясы елорданың сол жағалау бөлігін ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Станция тұтыну көлемінің артуына байланысты сұранысты қамтамасыз етуге, су қысымын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда станцияда шамамен 100-ге жуық қызметкер еңбек етеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жалпыұлттық коалицияның мүшелері «Нұрлы жол» вокзалының қызметкерлерімен кездескен болатын.