Ерлан Жетібаев Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі болып тағайындалды
Ерлан Жетібаев Қазақстан СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – ресми өкілі болып тағайындалды, деп хабарлады Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол 1984 жылы 15 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 2006 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2006 жылы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде маман ретінде бастаған.
2009 жылы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару методологиясы, ішкі қаржылық бақылау және бюджеттік несиелендіру департаментінің сарапшысы болып жұмыс істеді.
2009-2011 жылдары ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінде үшінші хатшы қызметін атқарды.
2011-2017 жылдары Қазақстанның Таиландтағы елшілігінде екінші, бірінші хатшы лауазымдарында еңбек етті.
2017 жылы ҚР СІМ ЭКСПО-2017 Хатшылығының бірінші хатшысы, кейін ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің бірінші хатшысы қызметінде жұмыс істеді.
2018-2020 жылдары «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КеАҚ Қамтамасыз ету қызметі хатшылығының басшысы, Халықаралық ынтымақтастық және климаттық инвестициялар департаментінің директоры қызметтерін атқарды.
2020-2023 жылдары ҚР СІМ Баспасөз қызметінде кеңесші және басшы, 2023-2025 жылдар аралығында ҚР СІМ Коммуникациялар департаменті директорының орынбасары болды.
Соңғы қызметке тағайындалғанға дейін 2025 жылғы наурыз айынан бастап ҚР СІМ Коммуникациялар департаментінің директоры қызметін атқарды.
II сыныпты Кеңесші дипломатиялық дәрежеге ие.